«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы шеңберінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жүйелі негізде полигондарға жіберілетін қалдықтар көлемін азайту, сондай-ақ қоршаған ортаға теріс әсерді азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жиналған қалдықтар одан әрі кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін мамандандырылған және мүдделі ұйымдарға беріледі. 2025 жылы өтеулі негізде 73 384 кг қалдық берілді, оның ішінде: макулатура – 22 422 кг, пластик – 6 519 кг, шыны – 1 247 кг, аккумуляторлық батареялар – 25 713 кг, пайдаланылған кеңсе техникасы – 3 708 кг, автомобиль шиналары – 13 775 кг. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бойынша 2025 жылы кәдеге жаратуға: макулатура – 4 429 кг, пластик – 1 398 кг, шыны – 1 242 кг берілді. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС макулатураны – 11 143 кг, пластикті – 1112 кг, әйнекті – 20 кг, кеңсе техникасын – 1 401 кг кәдеге жаратқан. «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Тасымалдау процесінің дирекциясы» филиалы кәдеге жаратуға өткізді: макулатура –1 575 кг, пластик – 493,7 кг, шыны – 28,8 кг, кеңсе техникасы – 1 220 кг. Сонымен қатар, табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру аясында теміржолшылар 2025 жылы бүкіл Қазақстан бойынша 180 мыңнан астам көшет отырғызды. Бұл бастама сала қызметкерлерінің «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық қозғалысын қолдауға қосқан үлесі болып табылады. Айта кетейік, Қазақстанда Мемлекет басшысының қолдауымен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен, ұқыпты қарауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы іске асырылуда.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Астана-Павлодар» бағытындағы №7502/7501 қала маңы электр пойызының қозғалыс кестесіне өзгеріс енгізілгенін хабарлайды. Бұл өзгеріс жолаушылардың жайлы қатынауын қамтамасыз етіп, пойыздан кейін түнгі сағат 00:00-ге дейін жүретін қалалық көлікке дер кезінде ауысуға мүмкіндік беру үшін енгізілді. Енді электр пойыз Астанадан сағат 16:20-да жүріп, Павлодарға сағат 22:59-да жетеді. Кері бағытта Павлодардан сағат 08:05-те жолға шығып, Астанаға сағат 15:15-те келеді. Пойыз құрамында 6 вагон бар және ол күн сайын қатынайды. Жолаушыларға 1-, 2- және 3-санатты вагон қызметін таңдауға мүмкіндік беріледі. Вагондарда кондиционерлер, ауа тазарту жүйесі, биодәретханалар, жайлы орындықтар және Vputi.kz медиапорталына қосылуға мүмкіндік беретін тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған. Қала маңы пойыздарына билеттерді жолға шығатын күннен 10 тәулік бұрын сатып алуға болады. Билеттерді комиссиясыз https://bilet.railways.kz сайтынан немесе теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларынан алуға болады.