Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Отын ресурстары орталығының жұмыс қорытындысы




24-02-2025

2024 жылы тепловоздарды жабдықтауға байланысты активтерді мемлекеттің бақылауына қайтару, сондай-ақ “ҚТЖ — Жүк тасымалы” ЖШС - “Отын ресурстары орталығы” (ОРО) филиалын құру тепловоздарға дизель отынын құю жөніндегі қызметтер кешеніне арналған шығыстарды 2023 жылмен салыстырғанда 37% төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар,  Орталық қоймаларында дизель отынын сақтаудан ОРО1,2 млрд теңге үнемдеуге қол жеткізді.

Сондай-ақ, қосымша алымдар бойынша теміржол шығындары 2023 жылмен салыстырғанда 88,6% азайды. Бұл логистикалық процестерді оңтайландыру, соның ішінде қойма логистикасын тиімді басқару, жөнелтуді жоспарлауды жақсарту, дизель отыны бар вагондарды дәл қадағалау және оларды жанармай қоймаларына тарату арқылы мүмкін болды. 2024 жылы Орталықтың жалға берілген сыйымдылықтары мен резервуарларының жалпы көлемі 755 мың тоннадан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда жалдау табысын екі есеге арттыруға мүмкіндік берді. 

ОРО отын қоймаларындағы объектілерді жөндеумен белсенді айналысады, олардың көпшілігі бірнеше жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген.

Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 1807 куәлік пен сертификат берілді. Оқыту шеңберінде өртке қарсы бөлімшелерді, өңірлік төтенше жағдайлар департаменттерін, сондай-ақ прокуратура мен жергілікті билік органдарының өкілдерін тарта отырып, нақты төтенше жағдайларды модельдейтін оқу-жаттығу іс-шаралары өткізілді. 

Отын қоймаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке сектордан ҚТЖ компаниялар тобы жүйесіне ауысуы олардың бұрынғы орындардағы жұмыс тәжірибесін теміржол өтіліне есепке алуға мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде жалақыны бұрынғы деңгейден 60% дейін арттыруға ықпал етті. 

Сонымен қатар, 2025 жылы ҚТЖ бойынша жалпы өсім шеңберінде жалақының тағы 8,5% өсуі орын алды. 2024 жылғы 1 қазаннан бастап ОРО-да әрбір қызметкердің жеке жетістіктері мен нысаналы көрсеткіштерді орындауға қосқан үлесін бағалауға негізделген сыйлықақы беру жүйесі енгізілді. Бұл қызметкерлердің ынтасын арттырып қана қоймай, жұмыс сапасын да жақсартты.

Отын ресурстары орталығы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтитын 54 отын қоймасын басқарады. Дизель отынын және басқа да жанар-жағармай материалдарын сақтауға арналған резервуар паркінің жалпы сыйымдылығы 285 мың текше метрден асады. Ашық қоймалардың ауданы бір мезгілде 116 мың тоннаға дейін көмір мен басқа да сусымалы және таратылған жүктерді сақтауға мүмкіндік береді. Резервуарлар мен қоймалар магистральдық темір жолдарына жақын орналасқан, бұл сақталған жүктерді жеткізуді едәуір жылдамдатады және ЖЖМ мен басқа да материалдарды сақтау кезінде операциялық шығындарды азайтады. 

2025 жылға ОРО-да бекітілген Жол картасы шеңберінде жұмысты автоматтандыру бойынша міндеттер қойылды. Қоймалардың инфрақұрылымын жаңғырту және жұмысшылар мен инженерлік-техникалық персонал үшін еңбек жағдайларын жақсарту да жұмыстың маңызды басымдығы болып қала береді. Орталық ұжымы бүкіл ел бойынша жұмыс істейтін 1235 жоғары білікті маманнан тұрады.

Бүгінгі таңда отын ресурстары орталығы - локомотивтерді дизель отынымен жабдықтау бойынша қызмет көрсететін Қазақстандағы жалғыз оператор. 
 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі