Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

ҚТЖ Трансқазақстандық теміржол дәлізі жобаларын іске асыру үшін синдикатталған қарыз тартты




24-07-2025

«Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) 3 жыл мерзімге 480 миллион швейцариялық франкке дейінгі сомаға Abu Dhabi Commercial Bank және Deutsche Bank-пен синдикатталған қарыз тарту туралы келісімге қол қойды. 
Қаржыландыруды тарту Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 қаңтардағы Трансқазақстандық теміржол дәлізін жедел дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы «Мойынты – Қызылжар» желісі құрылысын жандандырудың, инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелген учаскелерін жаңғыртудың және елдің транзиттік әлеуетін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. 

Синдикатталған қарыз қаражаты «Мойынты – Қызылжар» учаскесін салуды, теміржол желісінің шамадан тыс жүктелген учаскелерін жаңғыртуды қоса алғанда, Транқазақстандық теміржол дәлізінің негізгі жобаларын аванстық қаржыландыруға, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бұрын тартылған міндеттемелерін қайта қаржыландыруға бағытталатын болады. 

Трансқазақстандық теміржол дәлізін дамыту Қазақстанның Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі ұстанымын нығайту үшін стратегиялық маңызға ие. Дәліз шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқартуға, логистикалық шығындарды азайтуға, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға және сыртқы сауда маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді, осылайша ұлттық экономиканың тұрақтылығын және елдің транзиттік тартымдылығын арттырады. 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі