Huawei темір жолға LTE-R орналастыруды бастайды
21-02-2025
2025 жылғы 20 ақпанда Шэньчжэнь қаласында «Huawei Technologies Co. Ltd.» компаниясының басшысы Лян Хуа мырза «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады.
Тараптар бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылап, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жобалардың сәтті орындалғанын атап өтті. Бүгінгі таңда деректерді беру желілерін жаңғырту және бұлтты технологияларды енгізу, LTE-R ұялы байланыс стандартының пилоты бойынша жұмыстар аяқталды. Жасанды интеллект енгізу басталды.
Кездесуде одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалары айқындалды. Компаниялар 2025 жылы жетекші қазақстандық операторлардың («Қазақтелеком» АҚ, «ТТС» АҚ және т.б.) қатысуымен Трансқазақстандық теміржол дәлізінде LTE-R желісін ауқымды орналастыруды бастауға келісті.
Жолды тексеру және шағын жөндеу үшін өнеркәсіптік роботтарды қолдану перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ, басшылар Қазақстанда AI-технологияларға маманданған инновациялық білім беру орталығы – «Болашақ колледжін» құруда Huawei-мен ынтымақтастықты талқылады.
Компаниялар негізгі бастамаларды қаржыландыруды растады және 2025 жылға арналған бірлескен жобалардың жол картасын бекітті.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі