Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Қазақстандағы теміржол астық тасымалының жартысына жуығы Ақмола облысына тиесілі




19-09-2025

Петропавлда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Астық штабының биылғы астықты тасымалдау мәселелеріне арналған кезекті көшпелі отырысы өтті.

Іс-шараға Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Астық Транс» АҚ, әкімдіктердің, ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтердің, көлік прокуратурасының, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, сондай-ақ экспорттаушылар мен астық компаниялары қатысты.

Маркетингтік жылдың қорытындысы бойынша (2024 жылғы мамыр – 2025 жылғы қыркүйек) Ақмола өңірінен 6,5 млн тонна астық тиелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінен 91% артық. Ақмола облысы негізгі астық өндіруші өңір болып қала береді: оның үлесіне ел бойынша астық тасымалдау жалпы көлемінің жартысына жуығы тиесілі.

Астықтың экспорттық тасымалы 66% өсіп, 5,2 млн тоннаны құрады. Құрама жем бойынша да айтарлықтай өсім байқалды — тасымалдау көлемі 132% ұлғайып, 1,2 млн тоннаға жетті, оның 1,1 млн тоннасы экспортқа жіберілді (өсім - 129%). Ұнтақ өнімдерін тасымалдау 300 мың тоннадан асып, 20% өсті, бұл ретте экспорт 55% артты.

Отырысқа қатысушылар жаңа егін астығын тасымалдауды одан әрі үйлестіру, жөнелтілімдердің біркелкілігін  қамтамасыз ету, мемлекеттік органдармен және экспорттаушылармен өзара іс-қимыл, сондай-ақ логистиканың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды талқылады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі