Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Ауылдар үшін тегін медицина мен заңгер көмегі: медпойыздың кестесі жарияланды




20-05-2025

20 мамыр күні елордалық «Нұрлы жол» вокзалынан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жолға шығады. Пойыз құрамында түрлі сала бойынша 30 дәрігер бар.

Бекеттер мен уақыты көрсетілген бағыт кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланды. 

21 мың шақырымнан астам жолды қамтитын сапар Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Тұрыш ауылынан басталады. Бұл – жоспарланған 123 станцияның алғашқысы. 

«Теміржол үстіндегі емхана» өз жұмысымен еліміздің барлық өңірлерін қамтиды. Медициналық инфрақұрылымы нашар немесе шалғай орналасқан әр станцияда пойыз 1–2 күнге аялдайды. Осы уақытта терапевт, хирург-травматолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, оториноларинголог, невропатолог, педиатр, акушер-гинеколог, офтальмолог, уролог, стоматолог-терапевт, рентгенолог, функционалды диагностика дәрігері және психологтар жергілікті тұрғындарды, оның ішінде МӘМС жүйесіне тіркелмеген азаматтарды да қабылдайды.

Толық диагностика жасау үшін пойыз вагондары қан талдауы, гастроэнтероскопия, УДЗ, ЭКГ, флюорография және басқа да тексерулерге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

Дәрігерлермен бірге медиаторлар мен заңгерлер де жолға шықты. Ауыл тұрғындары оларға құқықтық және азаматтық мәселелер бойынша кеңес алу үшін жүгіне алады.

«Саламатты Қазақстан» жобасы 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде 763 мың қазақстандыққа көмек көрсетіліп, 3,8 миллионнан астам тексеріс жүргізілді.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі