Форумда қатты отынды тасымалдау мәселелері талқыланды
07-06-2024
Елордада "Көмір химия саласын дамыту: технологиялық жетістіктер мен перспективалар" көмір өнеркәсібінің V форумы өтті. Оған ҚТЖ өкілдері қатысты. Сарапшылар көмір өндіру мен экспорттаудың өзекті мәселелерін, көмір нарығының әлемдік үрдістерін, көмір жеткізу логистикасының жағдайын талқылады.
Форумда өткен жылыту маусымында (2023 жылғы мамырдан 2024 жылғы сәуірге дейін) теміржол көлігімен 103 млн тонна көмір тасымалданғаны атап өтілді. Оның ішінде республика бойынша 73,5 млн тонна, экспортқа – 29,5 млн тонна жөнелтілді. 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына қарай ел бойынша стратегиялық жүкті тасымалдау көлемі алдыңғы маусым деңгейінде – шамамен 74 млн тонна сақталады.
Көмірді тасымалдауды қамтамасыз ету процесінің сапалы мониторингі үшін күнделікті жоспарлардың орындалуын тиімді бақылауды қамтамасыз ете отырып, жоспарлар мен көмірдің нақты тиелуін қадағалауға және талдауға мүмкіндік беретін ҚТЖ-да интерактивті жүйе әзірленді.
Жыл сайын ҚТЖ мемлекеттік органдар өкілдерімен және жүк жөнелтушілермен жазғы кезеңде көмір тасымалдауды ұйымдастыру бойынша дәстүрлі кеңестер өткізеді. Мамыр айында көмір разрездерімен бірқатар кездесулер өтіп, онда көмір тасымалдарын маршруттау, жазғы кезеңде біркелкі көмір тасымалдау мәселелері талқыланды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі