Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

№86 «Шымкент-Астана» пойызында сәби дүниеге келді




22-10-2024

Жолаушы Кенжеева күйеуімен бірге жүктіліктің соңғы айында Шымкенттен Астанаға сапарға шыққан. 21 қазаннан 22 қазанға қараған түні №86 «Шымкент-Астана» пойызында келе жатып, жолаушының толғағы басталды. Сағат 23:30-да күйеуі пойыз қызметкерлерінен шұғыл көмек сұрады. Пойыз бастығы Қаракулова Гүлшат пен жолсерік Адамбаева Анара жедел түрде барлық қажетті шараларды қабылдап, жолаушының аман-есен босануына көмектесті. Нәтижесінде, 21 қазан күні сағат 23:55-те қыз бала дүниеге келді.

Пойыз бригадасы өз қызметтік міндеттеріне сай әрекет етіп, вагонда босанған әйелге қажетті барлық жағдайларды жасады.Сары-Шаған стансасына жеткенде жедел жәрдем шақырылып, жас ана мен жаңа туған нәресте дәрігерлердің қарауына тапсырылды.

Еске сала кетейік, пойыз бригадаларының қызметкерлері үнемі алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Соңғы 3 жыл ішінде «Пассажирлік тасымал» АҚ пойыздарында 14 сәби дүниеге келген.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі