ҚТЖ басшылығы Қостанай өңіріндегі желілік кәсіпорындарының жұмысын тексерді

Жаңалықтар

ҚТЖ басшылығы Қостанай өңіріндегі желілік кәсіпорындарының жұмысын тексерді




14-08-2024

Қостанай жол бөлімшесіне жұмыс сапары барысында Қостанай, Тобыл және т. б. станциялардың инфрақұрылымы мен өндірістік объектілері араланды. 


Жол, локомотив, вокзал шаруашылықтарының жағдайы тексерілді. 
Қостанай вокзалы мен іргелес аумақтың қанағаттанарлықсыз жай-күйі, шаруашылықтарды ұстап тұрудағы олқылықтар атап өтілді. Қостанай жүк тасымалы бөлімшесінің директоры, Қостанай магистральдық желі бөлімшесінің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Аталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою міндеті қойылды. Қостанай станциясының бастығы, Қостанай магистральдық желі бөлімшесі вокзал шаруашылығы бойынша директор орынбасары қызметінен босатылды. 
 


Қостанай торабы кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесулерде аграрлық және өнеркәсіптік өңірді дамытудағы теміржол көлігінің басты рөлі атап көрсетілді. Компания басшылығы әрбір теміржолшы еңбегінің баға жетпес үлесі мен маңыздылығын алға тартты. Үздік қызметкерлерге Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай марапаттар табысталды. 


Өңірлерге шығу Атбасар станциясындағы Ақмола темір жол бөлімшесінің нысандарына барумен жалғасты. Вокзалдың үлгілі жағдайы, сондай-ақ жол шаруашылығындағы өндірістік тәртіп атап өтілді. Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің Атбасар жол дистанциясы қызметкерлерімен әңгіме барысында еңбекақы төлеу, арнайы киіммен қамтамасыз ету, шағын механизациялау және т.б. мәселелер талқыланды. 


Ақмола және Қостанай облыстарына жұмыс сапары барысында компания басшылығы "Ремвагон" ЖШС вагондар жөндеу және қызмет көрсету кәсіпорны мен "Қамқор Локомотив" ЖШС Атбасар электровоз жөндеу зауытының өндірістік цехтарына барды. Жақын арада басқа өңірлерге шығу жоспарлануда. 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі