Шымкентте тасымалданатын жүктерді сақтау бойынша кеңес өтті
15-11-2024
Шымкент қаласында Достастыққа қатысушы мемлекеттер теміржол әкімшіліктері уәкілетті өкілдерінің тасымалданатын жүктерді сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша кеңесі өтті.
Кеңеске Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Грузия және Беларусь теміржол әкімшіліктерінің өкілдері, сондай — ақ бейнеконференция байланысы арқылы Армения, Латвия, Эстония қатысты. ҚТЖ үшін тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету басты міндет болып қала береді. ҚТЖ жол карталарын, теміржол көлігіндегі құқыққа қарсы іс-қимылдардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі жедел және профилактикалық іс-шаралардың кешенді жоспарларын тұрақты негізде әзірлеп келеді. Өңірлік жүк тасымалдау бөлімшелерінде құқық қорғау органдарымен және әскерилендірілген теміржол күзетімен жұмысты үйлестіретін алдын алу кеңестері жұмыс істейді. Жыл бойы әртүрлі жүктердің сақталуын қамтамасыз ету шараларын күшейтуге бағытталған тақырыптық айлықтар өткізіледі.
Контейнерлік пойыздарда жүктердің сақталу деңгейін арттыру үшін ҚТЖ тасымалдау процесі мен күзет іс-шараларын жетілдіру бойынша мақсатты жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, ҚР аумағы бойынша техникалық және технологиялық операцияларды орындау кезінде транзиттік контейнерлік пойыздар тұрақтауы ұзақтығының нормативі белгіленіп, Достық және Алтынкөл станцияларында пойыздарды өңдеуге кететін уақыт қысқартылды. Станциялық объектілерде және инфрақұрылым учаскелерінде бейнекамералар орнатылған, магистральдық локомотивтер бейнетіркегіштермен жабдықталған.
Коммерциялық ақауларды анықтауға, шекаралық станциялардағы ағытпаларды алып тастауға және вагондарды іргелес станцияларға қайтаруға бағытталған "Жылжымалы құрамды есепке алу және бақылау жүйесін (цифрлық шеңбер) енгізу" жобасы іске асырылуда.
Уәкілетті органның бекітуінде мемлекетаралық стандарттар негізінде әзірленген "Қазақстан Республикасының теміржол көлігінде электрондық бекіту-пломбалау құрылғысын қолдану қағидалары" және "Электрондық пломбалау құрылғыларына қойылатын техникалық талаптар" жобалары бар. Олар қабылданғаннан кейін жаһандық навигациялық спутниктік жүйелер негізінде онлайн режимінде жүктердің жүру бағыты бойынша ілгерілеуін бақылауға мүмкіндік беретін Қытай-Еуропа-Қытай қатынасында контейнерлік тасымалдарда электрондық бекіту-пломбалау құрылғысын қолдану тәртібі белгіленеді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі