Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

ҚТЖ Хорватия серіктестерімен байланысты нығайтады




25-11-2024

"KTZ Express" АҚ Бас директорының коммерция жөніндегі орынбасары ("ҚТЖ" ҰК" АҚ еншілес компаниясы) Ұлықбек Оразов Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу делегациясының құрамында Хорватия Республикасына ресми сапары аясында жетекші хорватиялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Сапар барысында Хорватияның негізгі логистикалық хабы - Риека портымен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Адриатика жағалауында орналасқан порт жүктерді тасымалдауда стратегиялық рөл атқарады және Орталық пен Оңтүстік-Шығыс

Еуропа нарықтарына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Келіссөздер мультимодальды маршруттарды дамыту перспективаларына, Қазақстан мен Хорватияның көлік инфрақұрылымын интеграциялауға, сондай-ақ іскерлік әріптестік бағыттарын кеңейтуге бағытталды. Қатысушылар Риека портының Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік дәлізді нығайтудағы маңыздылығын атап өтіп, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі