Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында санитариялық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі




14-07-2026

Әлеуметтік желілерде пойыздарда жәндіктердің анықталғаны туралы жолаушылардың жарияланымдары кездеседі. Мұндай жағдайлар тек Ұлттық тасымалдаушының пойыздарына ғана емес, елімізде қызмет көрсететін 13 жеке тасымалдаушының пойыздарына да қатысты болуы мүмкін.

Егер «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында жәндіктер анықталса, жауапты қызметтер бірден тиісті шараларды қабылдайды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық қағидаларға сәйкес, әрбір жолаушылар вагоны рейске шығар алдында міндетті түрде санитариялық өңдеуден өтеді.


Компанияда жолаушылардың санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңдеудің үш түрі тұрақты жүргізіледі:

  • Дезинфекция – әр рейс алдында жүргізіліп, жұқпалы ауру қоздырғыштарын жоюға және олардың таралуының алдын алуға бағытталған.
     
  • Дезинсекция – жәндіктерді жоюға арналған арнайы өңдеу. Оның барысында кенелер, бүргелер, биттер, масалар, шыбындар, құмытылар, құм шыбындары, құмырсқалар, тарақандар және қандалалар секілді зиянкестерге қарсы шаралар қабылданады. Дезинсекция айына кемінде бір рет, сондай-ақ, эпидемиологиялық қажеттілік туындаған жағдайда қосымша жүргізіледі.
     
  • Дератизация – кеміргіштердің пайда болуы мен таралуының алдын алуға бағытталған кешенді санитариялық шара. Айына кемінде бір рет және қажет болған жағдайда қосымша жүргізіледі.
     


Әрбір санитариялық өңдеуден кейін вагондардың жай-күйі міндетті түрде тексеріледі. Егер жәндіктер қайта анықталса, вагон қосымша өңдеуден өткізіледі. Қажет болған жағдайда мәселе толық шешілгенге дейін вагонның пайдалануға шығу мерзімі кейінге шегеріледі.

Санитариялық өңдеу жұмыстарын «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның филиалдары осы қызмет түрін жүзеге асыруға рұқсаты бар мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып жүргізеді.

Ұлттық тасымалдаушы пойыздарындағы қызмет көрсету сапасы немесе санитариялық жағдай бойынша жолаушылар WhatsApp желісіндегі +7 776 714 5686 нөміріне хабарласа алады. Сондай-ақ, әр вагонда орналастырылған QR-кодты сканерлеу арқылы WhatsApp чатындағы операторға тікелей өтініш жолдауға мүмкіндік бар.

Қосымша ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1433 тегін байланыс орталығы арқылы алуға болады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі