Жетісу облысында Сарыөзек станциясының вокзалын қайта жаңарту аяқталды
06-11-2026
Жетісу облысында 1940 жылы салынған Сарыөзек станциясының теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды. Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.
Қайта құрудан кейін бір қабатты ғимараттың ауданы 137 шаршы метрді құрады. Қасбеті мен ішкі үй-жайлары жаңартылып, инженерлік коммуникациялар мен жолаушылар перроны жаңартылды. Қасбеті металл сайдингпен, негізі гранитпен қапталған.
Едендеріне керамогранит төселген. Жаңа эвакуациялық жолдар жабдықталып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес есіктер орнатылды. Жұмыстарды жүргізу кезінде қазақстандық өндіріс материалдары пайдаланылды.
Вокзал 2 типке жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 57 адамды құрайды. Станция арқылы Алматы, Семей, Талдықорған, Өскемен, Астана, Қарағанды және Балқаш, сондай-ақ Ресеймен байланыстыратын 22 пойыз өтеді.
Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ және облыс әкімдігі қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен іске асырылды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі