Жаңартылған қос жолды учаске Алтынкөл станциясына қосылған
05-10-2026
Иинтал – Алтынкөл учаскесінде Алтынкөл станциясына екінші жолды қосу бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Сигнал беру, орталықтандыру және байланыс құрылғыларын ауыстырғаннан кейін пойыздар қозғалысы екі жолмен де ашық.
Жұмыстар технологиялық «толаскез» барысында орындалды. Жұмыс аяқталғаннан кейін жаңартылған учаске бойынша бірінші болып Қытайдан Алтынкөл – Қорғас шекара өткелі арқылы Алматыға жүк пойызы өтті. Көп ұзамай құрам кері бағытта да жүрді. Қозғалыс кесте бойынша қалпына келтірілді.
Екі жол бойынша да Иинтал – Алтынкөл аралығында ОМП-QZ орталықтандырудың отандық микропроцессорлық жүйесі іске қосылды.
«Екі жолда да ОМП-QZ іске қосу Иинтал – Алтынкөл учаскесінде өткізу қабілетін арттыруға және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Алматы магистральдық желі бөлімшесі бастығының орынбасары Дәулет Мұқанов.
Бұрын орындалған жұмыстарды ескере отырып, ұзындығы 298 км Жетіген – Алтынкөл теміржол желісін жаңғырту іс жүзінде аяқталды. Желіде бес жаңа бөлек пункт салынды, қолданыстағы жеті пунктте жолды жетілдіру жүргізілді. Екінші жолдар жалпы ұзындығы 32 км Жетіген – Құрөзек және Иинтал – Алтынкөл аралықтарында салынған.
Жаңғырту 2025 жылдың сәуірінде басталды. Оның негізгі міндеті – учаскенің өткізу қабілетін және транзиттік тасымалдардың өсу мүмкіндіктерін арттыру.
Алтынкөл станциясында жұмыстар жалғасуда. Жаңа инспекциялық-тексеру кешені, сұрыптау «дөңес» және автоматты дөңестік орталықтандыру бекеті салынуда. АДО бекетінің дайындығы 90% құрайды. Сондай-ақ, 1435 мм жолтабанды қосымша төрт жолдың құрылысы аяқталуда.
Жоба толығымен аяқталғаннан кейін учаскенің өткізу қабілеті тәулігіне 33 жұп пойызға дейін артуы керек. Бұл жүктерді тасымалдауды жеделдетуге және Қазақстанның халықаралық транзиттік маршруттарды дамыту мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жетігеннен Алтынкөл желісіндегі жұмыстардың аяқталуы теміржол саласы үшін маңызды нәтиже болып табылады. Алтынкөл станциясын жаңғыртқаннан кейін учаске өсіп келе жатқан транзиттік ағынды сенімді түрде қамтамасыз ете алады», - деп атап өтті Құрметті теміржолшы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Қалтай Самбетов.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі