ҚТЖ және Грузиядан келген серіктестер ТХКБ мен логистикалық инфрақұрылымды дамытуды талқылады
08-09-2026
Басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев бастаған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) делегациясы Батумиге (Грузия) жұмыс сапарымен барды. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның көліктік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі міндеттері аясында делегация Грузияның негізгі серіктестерімен бірқатар кездесулер өткізіп, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамытуға байланысты жобаларды талқылады.
Грузия экономика және тұрақты даму министрінің орынбасары Тамар Иоселиани ханыммен және Анаклия терең теңіз портын дамыту агенттігінің директоры Давид Джавахадземен кездесу барысында тараптар стратегиялық өзара іс-қимыл мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Ынтымақтастықтың ағымдағы бағыттары, терминалдық қуаттарды бірлесіп дамыту, сондай-ақ негізгі жобалар, оның ішінде Анаклия терең теңіз портын іске қосу диалогқа қатысушылар назарында болды.
Сондай-ақ, International Container Terminal Services Inc. (ICTSI) компаниясы басшылығымен кездесу өткізіліп, онда Батуми халықаралық контейнерлік терминалын бірлесіп инфрақұрылымдық дамыту мәселелері талқыланды. Штаб-пәтері Манилада (Филиппин) 1987 жылы құрылған ICTSI Еуропаның, Азияның, Оңтүстік Американың, Африканың және Таяу Шығыстың 19 елінде 33 жалпы контейнерлік терминалды басқаратын ең ірі халықаралық оператор болып табылады. Компания концессиялық келісім негізінде Батуми халықаралық контейнерлік терминалын (BICT) басқаруды қоса алғанда, жаһандық тасымалдау индустриясына қызмет көрсетеді.
Бірлескен логистикалық маршруттар бойынша өтетін транзиттік жүктердің көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылды. ҚТЖ бүкіл маршрут бойында терминалдық қаңқаны салуды дәйекті түрде жалғастырып отырғаны атап өтілді. Бұл инфрақұрылымдық тізбек Қытай мен Қазақстан аумағынан Каспий теңізі арқылы Қара теңізге және одан әрі Еуропаға дейінгі жолды қамтиды, бұл өңірлердің транзиттік әлеуеті мен логистикалық байланысын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Грузин темір жолы» АҚ Бас директоры Лашей Абашидземен келіссөздер аясында ТХКБ бойынша тасымалдау көлемінің артып келе жатқаны атап өтілді. Тараптар Транскаспий бағдары аясындағы бірлескен жұмысты қарастырып, тар жерлерді кеңейту және контейнерлік ағындарды үздіксіз өткізу үшін логистиканы оңтайландыру бойынша практикалық қадамдарға ерекше назар аударды.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы қосымша жүк ағындарын тартуға және көлік дәліздерін дамытуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.
Анықтама: 2026 жылғы 7 айының қорытындысы бойынша ТХКБ бойынша транзиттік тасымалдар көлемі 36 мың ЖФБ (350 контейнерлік пойыз) құрады. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда контейнерлердегі тасымалдау көлемі 50%, ал контейнерлік пойыздар саны 82% өсті. 2025 жылдың 7 айында 24 мың ЖФБ тасымалданды, 192 контейнерлік пойыз.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі