Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

ҚТЖ жүк тасымалын талдау үшін отандық цифрлық платформаны өнеркәсіптік пайдалануға енгізді




14-07-2026

"Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ өндірістік пайдалануға KTZ Cargo Reporting ақпараттық жүйесін — тасымалдау деректерін өңдеу және жүк тасымалдарын талдау үшін отандық цифрлық платформаны енгізді.

Жоба компанияның соңғы жылдардағы ірі АТ-жобаларының біріне айналды. ҚТЖ 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған шетелдік бағдарламалық шешімнен толығымен өзінің қазақстандық әзірлемесіне көшті. Бұл технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етіп, тасымалдау деректерін басқарудың тиімділігін арттырды.

Бұрын қолданылған ЕКжСҚ жүйесі қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмей қалды. Оның архитектурасы ескірді, даму мүмкіндіктері шектелді, ал деректерді өңдеу алгоритмдерінің бір бөлігі жабық және жеткілікті құжатталмаған күйінде қалды.

KTZ Cargo Reporting ҚТЖ-ның бизнес-қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген және компанияның одан әрі цифрлық трансформациясы үшін заманауи технологиялық негізді қамтамасыз етеді.

Жүйеде микросервистік сәулет, орталықтандырылған деректер қоймасы, автоматтандырылған пішімді-логикалық бақылау, ҚТЖ корпоративтік ақпараттық жүйелерімен интеграция, сондай-ақ мониторинг, резервтік көшіру, талдау және есептілікті қалыптастыру құралдары іске асырылған.

Платформаны енгізу тасымалдау деректерін өңдеуді жеделдетуге, талдамалық есептілікті дайындау мерзімін қысқартуға, ақпаратты бақылау сапасын арттыруға және бірқатар бизнес-процестерді автоматтандыруға мүмкіндік берді.

Болашақта жүйенің талдамалық мүмкіндіктерін кеңейту, корпоративтік сервистермен интеграцияны дамыту, деректерді талдаудың зияткерлік құралдарын енгізу және жаңа бизнес-процестерді автоматтандыру жоспарлануда.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі