ҚТЖ жеке тасымалдаушылар мен вагон жөндеу кәсіпорындарының қозғалыс қауіпсіздігін бақылауды күшейтеді

Жаңалықтар

ҚТЖ жеке тасымалдаушылар мен вагон жөндеу кәсіпорындарының қозғалыс қауіпсіздігін бақылауды күшейтеді




16-11-2026

ҚТЖ-да жеке тасымалдаушылар мен вагон жөндеу кәсіпорындарының қатысуымен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Отырыс «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкеновтың төрағалығымен өтті.

Кеңеске «Жолаушылар тасымалы» АҚ, «Вагонсервис» АҚ, ҚР Көлік министрлігі Көліктік бақылау комитетінің өкілдері, «Turksib Astana» ЖШС, вагон жөндеу кәсіпорындары мен жеке жолаушылар тасымалдаушыларының басшылары: «Kaz Rail» ЖШС, «Сары-Арқа компаниясы» ЖШС, «Арай транс KZ» ЖШС,  «Nomadas» ЖШС,  «Марал-Нұр» ЖШС, «Желдортранс-Ақтөбе» ЖШС және басқа да ұйымдар қатысты. Қазақстанда «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ұлттық тасымалдаушыдан өзге барлығы 14 жеке теміржол жолаушылар тасымалдаушысы жұмыс істейді.

Қатысушылар 2026 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындыларын, қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуын, жолаушылар вагондарының техникалық жай-күйін, жөндеу сапасын және пойыздардың кешігу себептерін қарастырды.

Есепті кезеңде сыртқы ұйымдар мен вагон жөндеу кәсіпорындарының кінәсінен қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың 13 жағдайына жол берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі жағдайға көп. Вагон жөндеу кәсіпорындарының кінәсінен техникалық ақауларға байланысты жолаушылар пойыздарының 19 кідірісі тіркелді.

2026 жылы жоспарлы жөндеуден 411 жолаушылар вагоны өтті.  Вагон жөндеу кәсіпорындарының кінәсінен ағымдағы ағытып жөндеуге 521 вагон жолданды. Жалпы нормативтен тыс тұрып қалу 2 305 тәулікті құрады. Жөндеуден шыққан кезде нормативтен жоғары тұрып қалу бойынша 14 вагон тіркелді (жалпы кідіріс 65 тәулікті құрады).

Жеке жолаушылар тасымалдаушыларының жұмысына ерекше назар аударылды. 10 ай ішіндегі пойыздарды қалыптастыру кезінде қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың бес жағдайына жол берілді, техникалық себептер бойынша 20 кідіріс тіркелді.Кеңес барысында жеке тасымалдаушылар ақаулар мен кідірістердің себептері туралы ақпаратты уақтылы ұсынбайтыны, вагондарды тіркеуге және ағытуға өтінімдерді беру мерзімдерін бұзғаны атап өтілді.  

ҚТЖ жеке тасымалдаушылар мен вагон жөндеу кәсіпорындарының қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын сөзсіз сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударады. Вагондарға сапалы техникалық қызмет көрсету және жөндеу, жылжымалы құрамның жарамдылығы мен тиісті өндірістік бақылау – тасымалдау процесін қауіпсіз ұйымдастырудың міндетті шарттары.

Кеңес қорытындысы бойынша кәсіпорын басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау, вагондардың техникалық жай-күйі мен жөндеу сапасын бақылауды күшейту, өндірістік учаскелерді қажетті қосалқы бөлшектермен және білікті мамандармен қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ, басшылардың қозғалыс қауіпсіздігі үшін дербес жауапкершілігін арттыру және ҚТЖ бөлімшелерімен жедел ақпарат алмасуды жолға қою міндеті қойылды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі