ҚТЖ Орталық мұражайы жаңа экспонатпен толықты

Жаңалықтар

ҚТЖ Орталық мұражайы жаңа экспонатпен толықты




20-11-2026

Мұражайға 1989 жылы 20 мамырда Алматы-2 станциясындағы ірі өртті жойған өрт сөндірушілер мен теміржолшылардың батылдығына арналған «От көкжиегінде» картинасы табысталды. Тапсыру рәсіміне сол оқиғалардың куәгері, сала ардагері және Құрметті теміржолшы Берік Айтбеков, сондай-ақ ҚТЖ Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты.

Сурет авторы – өрт күзетінің ардагері, профессор Руслан Жұмағалиев оны ҚТЖ – «Көпфункционалды қызмет көрсету орталығы» филиалы Төтенше жағдайлар департаментінің директоры Бақытжан Ділімбетовке «Объектілердің өрт қауіпсіздігін болжамды жобалау: өзекті сын-қатерлер мен жүйелі шешімдер» халықаралық ғылыми-практикалық симпозиумында тапсырды.

Өрт Алматы-2 станциясының кіреберіс жолында болған-ды. Алты сұйытылған газ цистернасын (пропан-бутан) итерген маневрлік тепловоз жиһаз, ауа баптағыш, бояу және линолеум тиелген үш жүк вагоны бар қарсы келіп қалған құраммен соқтығысқан.

Өрт 3500 шаршы метрден астам аумақты шарпып, тепловозға, вагондарға, шпалдарға, базалық қоймаға және 72 адам тұратын 13 жеке үйге жайылды. Сөндіру тұрмыстық газ баллондарының жарылыстарымен және ең күшті жылу радиациясымен қиындады, соның салдарынан адамдар 200 метр қашықтықта да күйік алды. Өрт ошағы ортасында жұмыс істеген құтқарушылардың дулығалары балқып, формалары мен арнайы техника да өртенді.

Өртті жоюға өрт сөндіру бөлімшелері, үш өрт сөндіру пойызы және төтенше жағдайлар қызметі қатысты. Құтқарушылардың үйлесімді әрекеттері мен жанқиярлығының арқасында тағы төрт газ цистернасының жарылуын болдырмауға және бүкіл тұрғын үй алаьбын өрттен құтқаруға мүмкіндік туды.

«От көкжиегінде» картинасы ҚТЖ орталық мұражайының тұрақты экспозициясында орын алады және керемет күш-жігер мен өз өмірлерінің арқасында стихияны тоқтатқан батырлар туралы естелікті сақтайды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі