Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

ҚТЖ делегациясы Бейжіңдегі тұрақты көлік жөніндегі жаһандық форумға қатысты




24-09-2026

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдиннің басшылығымен  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ делегациясы Бейжіңде (ҚХР) Тұрақты көлік жөніндегі үшінші жаһандық форумның (Global Forum on Sustainable Transport) іс-шараларына қатысты.

Сапар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев бастаған үкіметтік делегацияның жұмыс сапары шеңберінде өтті.

Форум жұмысына шет мемлекеттердің үкіметтік және министрлік делегацияларының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, сарапшылар қауымдастығы мен іскер топтардың мыңға жуық өкілдері қатысты.
 


Қазақстандық тарап үшін іс-шараның басты оқиғасы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамытуға арналған жоғары деңгейдегі сессия болды. Сессия барысында жүк тасымалын жеделдетуге және Азия мен Еуропа арасындағы логистикалық ағындарды интеграциялауға бағытталған Қазақстанның ауқымды инфрақұрылымдық жобалары таныстырылды.

Форум аясында ҚТЖ өкілдері темір жолдарды цифрлық трансформациялау, мультимодальды тасымалдардың тиімділігін арттыру және логистикалық дәліздердің өткізу қабілетін кеңейту мәселелерін талқылауға қатысты. Логистикалық экожүйені құру үшін теміржол әкімшіліктері мен порттар арасындағы тығыз байланыстың маңыздылығы атап өтілді.
 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі