ҚТЖ Бас есептеу орталығында жастардың сала ардагерлерімен кездесуі өтті

Жаңалықтар

ҚТЖ Бас есептеу орталығында жастардың сала ардагерлерімен кездесуі өтті




30-07-2026

Темір жол көлігі қызметкерлері күні қарсаңында ҚТЖ – «Бас есептеу орталығы» филиалында жас теміржолшылардың Орталық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті теміржолшы Болатбек Дүйсемалиевпен кездесу өтті. Іс-шараға Құрметті теміржолшылар Қанат Әлмағамбетов, Қайрат Рсымбетов және Гүлнар Таласпаева қатысты. Кездесу мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде жүзеге асты.

 Жас мамандар 50 жылдан астам уақытын теміржол саласына арнаған Болатбек Бекеұлының кәсіби жолымен танысты. Ол Қызылорда станциясының кезекшісінен Алматы Ақпараттық-есептеу орталығын, Тасымалдауды басқару орталығын және Тасымалдау процесін үйлестіру департаментін қоса алғанда, ҚТЖ ірі бөлімшелерінің басшысына дейінгі жолды басынан өткерді.

Кездесу қазіргі Бас есептеу орталығының ізашары – Целиноград станциясында түйінді есептеу орталығының құрылғанына 50 жыл толуына орай өткізілді. 1991-1993 жылдары Болатбек Дүйсемалиев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Алматы Ақпараттық-есептеу орталығының жұмысын қамтамасыз ете отырып басқарды.

Болатбек Бекеұлы өз жұмысы туралы естеліктерімен бөлісіп, жас әріптестерінің сұрақтарына жауап берді және оларға кәсіби өсуді, теміржол саласының дәстүрлеріне жауапкершілік пен адалдықты тіледі.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі