ҚТЖ Қазақстан темір жолдары мен халықаралық көлік дәліздері үшін LTE-R бірыңғай цифрлық желісін құрады
22-06-2026
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Транстелеком» АҚ-мен бірлесіп Қазақстанның барлық аумағы бойынша тасымалдау процесін, теміржол инфрақұрылымын және жылжымалы құрамды басқарудың бірыңғай цифрлық платформасына айналатын LTE-R заманауи цифрлық технологиялық желісін құру жөніндегі жобаны іске асыруда.
Жоба аясында еліміздің 20 мың шақырымнан астам теміржол желілері бойында заманауи цифрлық байланыс желісін құру және 3 мыңға жуық LTE-R радиобайланыс объектілерін салу жоспарлануда. Жаңа инфрақұрылым Қазақстанның негізгі теміржол бағыттарын үздіксіз цифрлық қамтуды қамтамасыз етеді.
LTE-R SMART-инфрақұрылымды, SMART-локомотивтерді, цифрлық станциялар мен вокзалдарды, тасымалдау процесін мониторингілеу мен басқарудың зияткерлік жүйелерін дамыту жобаларын енгізу үшін базалық технологиялық негіз болады.
Желі саланы басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыра отырып, локомотивтер, диспетчерлік орталықтар, автоматика жүйелері және теміржол инфрақұрылымы объектілері арасында нақты уақыт режимінде деректерді беруді қамтамасыз етеді.
Жобаны іске асыру:
Жоба Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. LTE-R пойыздар қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгізу, инфрақұрылымды пайдалану тиімділігін арттыру және халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру үшін технологиялық негіз жасайды.
Жаңа желі Қазақстанды Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, Кавказбен, Ресеймен және Еуропамен байланыстыратын негізгі транзиттік бағыттарды қамтиды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, теміржол көлігінде цифрлық технологияларды енгізу инфрақұрылымның өткізу қабілетін 15-30 пайызға арттыруға, қауіпсіздік деңгейін күшейтуге және жаңа теміржол желілерін ауқымды салуды қажет етпей пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Болашақта LTE-R FRMCS және 5G желілеріне негізделген шешімдерді қоса алғанда, жаңа буын теміржол технологияларын енгізудің негізі болады.
Жобаны іске асыру ұлттық ауқымдағы бірыңғай цифрлық теміржол экожүйесін қалыптастыруға, көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға және Қазақстанның Еуразияның негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі