Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Студенттер «KTZ-ALT INNOVATION» хакатонында ҚТЖ үшін цифрлық шешімдерді ұсынды




02-10-2026

М. Тынышпаев атындағы ALT университеті алаңында Көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру жөніндегі VII Еуразиялық форум аясында өткен «KTZ – ALT INNOVATION» студенттік хакатоны аяқталды.

Хакатонға 43 команда – Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Ақтаудан 170-тен астам студент қатысты. Финалға 16 команда шықты.

24 сағат ішінде қатысушылар «Цифрлық станция» және «Автоматты диспетчер» ҚТЖ кейстеріне жұмыс істеді. Командалар цифрлық шешімдерді әзірлеп, жұмыс істейтін прототиптер жасады және оларды сарапшы қазылар алқасына ұсынды.

Хакатон қорытындысы бойынша бірінші орынды Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «SULU» және М. Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінің «Шаңырақ» командалары бөлісті.

Екінші орынды Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT  университеттің «BESEU»   және Алматы технологиялық университетінің «Nova» командалары иеленді.

Үшінші орын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Insomnia» және Қазақстан-Германия университетінің «LogWay» командаларына берілді.

Компания үшін хакатон жаңа идеялар мен саланың практикалық мәселелерін шешудің жаңа технологиялық тәсілдерінің қайнар көзіне айналды. Ол цифрландыруға жас ұрпақтың көзімен қарауға, жұмыс істеп тұрған прототиптерді көруге және еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен колледждерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

Үздік жобалар ҚТЖ цифрлық бастамаларында одан әрі дамытуға жолдама алады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі