Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары порттар қызметімен танысты




15-09-2026

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің стратегиялық маңызды өндірістік, энергетикалық, көліктік-логистикалық және туристік объектілерінің жұмысымен танысты.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері Ақтау теңіз сауда портының, Құрық портының және Ақтау халықаралық контейнерлік хабының қызметін таныстыру барысында қаралды. Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 млн тоннаны құрайды, Құрық портының өткізу қабілеті – 6 млн тонна, бірінші кезеңі 2026 жылғы наурызда іске қосылған Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жобалық қуаты жылына жиырма футтық баламада 240 мың контейнерге жетеді. 

Бұл объектілерді дамыту Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға және Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Сапар барысында объектілердің негізгі өндірістік көрсеткіштері, жүк ауыстырып тиеудің ағымдағы көлемі, сондай-ақ өткізу қабілетін одан әрі арттыру перспективалары ұсынылды.

Контейнерлік тасымалдарды дамытуға және Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша транзиттік жүк ағындарын қамтамасыз етудегі Ақтау портының рөліне ерекше назар аударылды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары назарына №3 және №12 айлақтарды қайта жаңарту және кеңейту, порт акваториясын тереңдету және контейнерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша жобалар ұсынылды. Осы жобаларды іске асыру кемелер мен жүктерді өңдеу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ транзиттік тасымалдардың өсуі үшін қосымша әлеуетті құруға бағытталған.

Сапар қорытындысы бойынша порт инфрақұрылымын одан әрі дамыту және оның жүк ағындарын ұлғайтуға дайындығын арттыру жөніндегі жұмыстың басым бағыттары айқындалды.
 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі