Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Пойызда үй жануарларын алып жүру кезінде жолаушы нені білуі керек?




14-09-2026

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларға пойызда үй жануарларын тасымалдау ережелерін еске салады. Үй жануарымен сапардың жайлы әрі қауіпсіз өтуі үшін алдын ала белгіленген талаптармен танысу қажет. Жануарларды тасымалдауға қатысты талаптар Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау қағидаларының 10-тарауында көрсетілген. Онда тасымалдауға рұқсат етілетін жануарлардың тізбесі, оларды тасымалдау тәртібі мен шарттары айқындалған.

Жолаушылар пойыздарында тек үй жануарларын өзімен бірге алып жүруге рұқсат етіледі. Олардың саны екіден аспауы тиіс (мысықтар, иттер, құстар, жетелеуші иттер). Үй жануарлары мен құстарды тиісті ветеринариялық құжаттары болған жағдайда ғана тасымалдауға болады. Құжаттарды пойызға отыру кезінде көрсету қажет.

Жануармен бірге жолаушылар пойызында жүру үшін басқа жолаушыларды ықтимал аллергиялық реакциялардан қорғау мақсатында купені толық сатып алу қажет. Жануардың иесі болмаса, оны пойызға отырғызуға рұқсат етілмейді.
Үй жануарларына тек иелері жауапты. Жануарлар арнайы тасымалдау құралдарында (торда, жәшікте, себетте) болуы тиіс. Иесі оларды станцияларда, пойызға міну және түсу кезінде, сондай-ақ жол бойы бақылауда ұстап, тамақтандырып, артынан тазалық сақтауы қажет.

Ірі иттерге тұмылдырық кигізіліп, қарғыбау тағылуы тиіс. Ірі итпен сапар кезінде оның салмағына қарай багаж тарифі қолданылады. Ірі иттер тек бірінші вагонның қызметтік емес тамбурында орналастырылады. Сапар барысында жануарды алып жүру мен оның қауіпсіздігіне иесі толық жауап береді.
Көру қабілеті бұзылған иесін алып жүретін жетелеуші ит кез келген үлгідегі вагонда бола алады. Ол үшін қосымша ақы алынбайды.

Сонымен қатар жануарлармен вагон-мейрамханаға кіруге рұқсат етілмейді. Жолаушылар мен пойыз қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды тасымалдауға тыйым салынады.

Ұлттық тасымалдаушы үй жануарларымен сапарды алдын ала жоспарлауды сұрайды. Жануарларды тасымалдау шарттары туралы 1433 тегін нөмірі арқылы немесе вокзалдардағы билет кассаларынан кеңес алуға болады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі