Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Еліміздің алты өңірінде 2 мыңнан астам жүргізуші ҚТЖ-ның «Қауіпсіз өткел» акциясына қатысты




18-08-2026

ҚТЖ-ның «Қауіпсіз өткел» акциясы аясында еліміздің алты өңірінде — Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақмола және Маңғыстау облыстарында 23 теміржол учаскесінде және 20 станцияда профилактикалық рейдтер өтті.

Акция «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өткізілуде. Рейдтерге теміржолшылар, көлік полициясының, көліктік бақылау инспекциясының, прокуратураның қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысуда. 2 мыңнан астам жүргізуші темір жолдарды қауіпсіз кесіп өту ережелері туралы түсініктеме алды.

Жүргізушілерге ескертілуде: пойыздың тежегіш жолы 1000 метрге жетуі мүмкін, ал құрамды бірден тоқтату мүмкін емес. Тыйым салу сигналы кезінде жолға шығу немесе жақындап келіп қалған пойыздың алдынан кесіп өтуге тырысу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Темір жол өткелдерінің жүру ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 607-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген.
Шымкент өңірінде профилактикалық рейдтер Бадам – Игілік, Шорнақ – Түркістан және Арыс-2 – Қалаш өткелдерінде, сондай-ақ Шағыр, Бадам, Шойтөбе, Састөбе және Қарақоңыр станцияларында өтті.

Қызылорда өңірінде акция Байгеқұм – 20–шы разъезд, Сексеуіл –Құрлық, Бесарық – Сауран және Сауран – Шорнақ өткелдерін, сондай-ақ Қазалы және Арал станцияларын қамтыды. Бесарық станциясының өткелінде 70 жүргізушіге қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Бұл өткел арқылы жалпы саны 10 мыңға жуық жақын маңдағы жеті ауылдың тұрғындары өтеді. Содан кейін акция Түркістан облысының шекарасында орналасқан Шорнақ станциясында жалғасты.

Ақтөбе өңірінде профилактикалық жұмыс он өткел мен станцияда өтті. Ақтөбе – Ембі аралығының Құдық – Жем учаскесінің өткелінде қауіпсіздік талаптары 87 жеңіл автомобиль және 45 жүк көлігі жүргізушісіне түсіндірілді. Бұл өткел жүгі ауыр көліктер қозғалысының  жоғары қарқындылығымен белгілі. Қандыағаш – Шұбарқұдық аралығы өткелінде 123 жеңіл автомобиль және 45 жүк көлігінің жүргізушісі нұсқама алды. Бұл учаске арқылы тәулігіне 32 жұп жүк және сегіз жұп жолаушылар пойызы өтеді.

Ақмола өңірінде акция Саумалкөл, Тайынша, Бурабай курорты, Макинка, Ақкөл, Шортанды және Төнкеріс станцияларында өтті. Макинка станциясы маңында 83 жүргізушіге қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері түсіндірілді. Мұнда күн сайын 40 астам жүк және жолаушылар пойыздары өтеді, ал автомобиль ағыны тәулігіне 1,7 мыңнан 3,5 мыңға дейінді құрайды. Бурабай курорты – Жамантұз  аралығы өткелінде 37 жүргізуші қауіпсіз жол жүру ережелерімен танысты. Тағы бір өткелде –  Янко – Саумалкөл аралығында ағымдағы жылдың жеті айында 130 жүргізушіге жол қозғалысы ережелері түсіндірілді.

Атырау өңірінде акция Мұқыр, Мақат – 402–разъезд, Шоқпартоғай – Құлсары, Шоқпартоғай – 469–разъезд, Доссор, Майкөмген – 467–разъезд, Боранқұл – 465–разъезд  және Тұман – 16–разъезд  станциялары мен өткелдерін қамтыды. Маңғыстау облысында профилактикалық іс-шаралар Маңғыстау, Шетпе, Маңғыстау – Тамақ және Өзен станцияларында өтті.

Теміржолшылар жүргізушілерді өткел алдында жылдамдықты алдын ала төмендетуге, бағдаршам сигналдары мен жол белгілерінің талаптарын сақтауға, жабық шлагбаумды айналып өтпеуге және тыйым салу сигналы кезінде жолға шықпауға шақырады.

Сондай-ақ, көлік жүргізу кезінде телефонды пайдаланбау, қозғалыс аймағында озып кетпеу және келе жатқан пойыздың алдында жүруге тырыспау маңызды.

«Қауіпсіз өткел» акциясы 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Профилактикалық жұмыс жол қозғалысына қатысушылардың мінез-құлық мәдениетін арттыруға және теміржол өткелдеріндегі апаттардың алдын алуға бағытталған.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі