Бадам станциясының теміржол өткелінде «Назар аударыңыз, өткел!» акциясы болып өтті
09-11-2026
Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Бадам станциясының күзетілетін теміржол өткелінде «Назар аударыңыз, өткел!» профилактикалық акциясы болып өтті. Іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Рейд «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өткізілді. Оған Шымкент жол дистанциясының қызметкерлері («ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі» филиалы) және аудандық полиция бөлімінің өкілдері қатысты.
Бұл учаске жоғары қозғалыс қарқындылығымен ерекшеленеді: күн сайын өткел арқылы орта есеппен 48 жұп пойыз, 35 мыңға жуық жеңіл және жүк көлігі, сондай-ақ қалааралық автобустар өтеді. Өткел Ордабасы ауданының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ете отырып, Монтайтас және Ақжар ауылдарының тұрғындары үшін стратегиялық маңызға ие. Бұдан басқа, осы бағыт бойынша Сарыағаш және Қазығұрт аудандарымен тәулік бойы үздіксіз автомобиль қатынасы жүзеге асырылады.
Акция барысында ұйымдастырушылар жүргізушілерге темір жолдарды кесіп өту ережелерін түсіндіріп, ақпараттық жадынамалар таратты. Профилактикалық жұмыстармен 54 жеңіл және 6 жүк көлігінің жүргізушілері қамтылды.
Мұндай іс-шаралар тоқсан сайын өткізіледі. Олардың басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру, апаттық жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі