Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Қазақстандық делегация Бейжіңнің Оңтүстік вокзалының жұмыс тәжірибесін зерттеп білді




24-09-2026

Құрамында ҚР Көлік вице-министрі М. Қ. Қалиақпаров, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары М. М. Төрегелдин және «ҚТЖ» ҰК» - «Магистральдық желі дирекциясы» АҚ филиалының қызметкерлері  бар қазақстандық делегация Бейжіңге (ҚХР) жасаған жұмыс сапары аясында Қытайдағы ең ірі жүрдек теміржол вокзалдарының бірі – Бейжіңнің Оңтүстік теміржол вокзалына (Beijing South Railway) барды.

Сапар барысында қазақстандық делегация вокзалдың операциялық қызметінің негізгі: жолаушылар ағыны мен навигация жүйелерін басқарудан бастап, тексеруді ұйымдастыруға, кіруді бақылауға және темір жолды көліктің басқа түрлерімен біріктіруге дейінгі аспектілерімен танысты.


Делегация инклюзивті орта құруға – мүгедектігі бар адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыруға басымдықты назар бөлді.

Қауіпсіздік жүйесі жеке блокпен зерттеліп, делегация осы салада кіріс бақылау құрылғысымен, қарсы ағындарды бөлу принциптерімен, автоматика мен бейнебақылау жүйелерінің жұмысымен, сондай-ақ ең жоғары жүктемелер кезінде вокзалдың өткізу қабілетін динамикалық басқару тетіктерімен танысты. 


Сонымен қатар, сервистерді цифрландыруға, электрондық навигацияға, жедел ақпараттандыру жүйесіне, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарына, билеттерді автоматты тексеруге және кешен аумағындағы объектілерді іздеуге арналған цифрлық сервистерге ерекше назар аударылды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі