Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Ақтөбе облысында екі вокзалды қайта жаңарту аяқталды, тағы бес нысан жұмыс барысында




03-08-2026

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин Ақтөбе облысының теміржол вокзалдарын қайта жаңарту барысын тексерді. Жұмыс сапарына әкімдік өкілдері, жоба және ҚТЖ өңірлік филиалдарының басшылары қатысты. Олар Ақтөбе, Алға, Қандыағаш станцияларындағы вокзалдарды және басқа да нысандарды аралап көрді.


Ақтөбе облысында шілде айында Шалқар (1909 жылы салынған, жолаушылар ағыны тәулігіне 1,4 мыңнан астам адам) және Шұбарқұдық (2012 жылы салынған, жолаушылар ағыны тәулігіне 116 адам) станцияларында екі теміржол вокзалын жаңғырту аяқталды. Тағы бес нысанда жаңарту жалғасуда. Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ және облыс әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өз  қаражаты есебінен орындалады.


1976 жылы салынған Ақтөбе станциясының вокзалын қайта жаңарту соңғы сатысында тұр. Вокзал тәулігіне 5 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Мұнда іргетасын қалау, ғимарат жақтауын салу, шатыр мен қасбетті орнату жұмыстары аяқталды. Ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді монтаждау, желдету және ауаны баптау, перрон орнату және аумақты абаттандыру жалғасуда.

Қандыағаш станциясында (1984 жылы салынған, жолаушылар ағыны тәулігіне 610 адам) шатырды орнату жұмыстары аяқталды. Қасбетті салу, ішкі әрлеу және инженерлік желілерді орнату жалғасуда. Мердігер ұйымға құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауды жеделдету тапсырылды.
 


Жем (1905 жылы салынған, жолаушылар ағыны тәулігіне 329 адам), Алға (1935 жылы салынған, жолаушылар ағыны тәулігіне 90 адам) және Қарауылкелді (2012 жылы салынған, жолаушылар ағыны тәулігіне 85 адам) станцияларында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Аралау қорытындысы бойынша мердігер ұйымдарға мерзімдердің бұзылуына жол бермеу мақсатында жұмысшылар санын көбейту, екі ауысым режимін ұйымдастыру және құрылыс қарқынын жеделдету тапсырылды.

Жалпы еліміз бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 70 теміржол вокзалында аяқталды.
 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі