Астана-1 вокзалы мобильділігі төмен жолаушылардың қажеттіліктері ескеріле отырып жаңғыртылуда
19-10-2026
Ауқымды қайта құру жалғасып жатқан Астана-1 вокзалында көшпелі комиссия мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жасалуы тиіс жағдайларды бағалады. Тексеруге жергілікті атқарушы органдардың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің,
Астана қаласы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментінің және «Вездеходтар» командасының өкілдері қатысты.
Сарапшылар іргелес аумақты, кіру топтарын, ішкі маршруттарды, санитарлық үй-жайларды, перрондарға шығуды, кассалар мен күту аймақтарын тексерді.
Жобада пандустар, автоматты есіктер, тактильді индикаторлар, сигнал таспалары және мнемосхемалар қарастырылған. Сондай-ақ, мобильділігі төмен жолаушыларға арналған арнайы санитарлық үй-жайлар мен демалыс бөлмелері жабдықталады.
1990 жылы салынған вокзал кешенді жаңғыртудан өтуде. Ғимарат ауданы 7 830-дан 8 408,6 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Жұмыс платформалар мен перрондарды қайта құруды, платформалардың үстінен шатыр салуды және қасбеттерді жаңартуды қамтиды.
Ғимаратта полиция бөлімшесі, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, балалар ойын алаңы, коворкинг, фудкорт және интернет-кафе орналасады. Сонымен қатар, бейнебақылау жүйелері, тексеру жабдықтары мен ақпараттық тақталар орнатылып, жолаушыларға қызмет көрсетудің жекелеген процестері автоматтандырылады.
Жаңғырту жолаушылар инфрақұрылымын жаңартуға, қауіпсіздікті арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі