Ақмола облысында үш теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
30-06-2026
Ақмола облысында Шортанды, Макинка және Ақкөл станцияларында теміржол вокзалдарын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Жобаны іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, күтудің қолайлы жағдайларын жасауға және азаматтардың барлық санаттары үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
1964 жылы салынған Шортанды станциясының теміржол вокзалы заманауи сәулеттік келбетке ие болды. Қайта құру барысында қасбет пен шатыр жаңартылып, терезе конструкциялары ауыстырылды, ішкі үй-жайлар мен инженерлік желілер жаңғыртылды. Ғимаратта заманауи желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылған. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін тактильді навигация, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы күту бөлмесі және вандалға қарсы креслолар қарастырылған. Сондай-ақ, демалыс аймақтары мен вокзал қызметкерлеріне арналған үй-жайлар жабдықталған.
Шортанды станциясының вокзалы II класқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 67 адамды құрайды. Станция арқылы еліміздің ірі қалаларымен, соның ішінде Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Павлодар және Қызылорда қалаларымен көлік қатынасын қамтамасыз ететін 14 жолаушылар пойызы қатынайды.
1988 жылы салынған Макинка станциясының теміржол вокзалы да толығымен жаңартылды. Мұнда қасбет пен ішкі үй-жайлар қайта жаңартылып, инженерлік коммуникациялар жаңғыртылды, заманауи желдету және өрт дабылы жүйелері орнатылды. Кедергісіз ортаны қамтамасыз ету үшін пандус, тактильді навигация және арнайы күту бөлмесі жабдықталған. Жолаушылар үшін жайлы күту, демалу аймақтары мен буфет құрылды. Макинка станциясының вокзалы III класқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 300 адамды құрайды. Станция арқылы оны Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Петропавл және Қызылордамен байланыстыратын 14 жолаушылар пойызы қатынайды.
Кешенді қайта құру Ақкөл станциясының теміржол вокзалында да жүргізілді. Жұмыс барысында қасбет, шатыр, ішкі үй-жайлар, инженерлік желілер жаңартылып, заманауи терезелер мен витраждар, желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды. Вокзал кедергісіз орта элементтерімен, соның ішінде пандуспен, тактильді навигациямен және мобильділігі төмен жолаушыларға арналған арнайы күту бөлмесімен жабдықталған. Сондай-ақ вандалға қарсы креслолар орнатылып, демалыс аймақтары жабдықталған.
1989 жылы салынған Ақкөл станциясының теміржол вокзалы III класқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 190 адамды құрайды. Станция арқылы еліміздің ірі қалаларымен, соның ішінде Петропавл, Қызылорда, Көкшетау, Павлодар, Қостанай, Алматы және Астанамен көлік қатынасын қамтамасыз ететін 14 жолаушылар пойызы қатынайды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Ақмола облысының теміржол вокзалдары қауіпсіздіктің, энергия тиімділігінің және жайлылықтың заманауи талаптарына сәйкес келтірілді. Жаңартылған нысандар жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді және өңір тұрғындары үшін де, транзиттік жолаушылар үшін де қолайлы жағдай жасайды.
Нысандарды қайта құру ҚТЖ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Бұл ретте ұлттық тасымалдаушы жаңа теміржол желілерін салуды, қолданыстағы желіні жаңғыртуды, вагондар мен локомотивтер паркін жаңартуды, сондай-ақ қазіргі заманғы цифрлық технологияларды енгізуді қоса алғанда, бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды бір мезгілде іске асырады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі