Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Алматыда көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру бойынша VII Еуразиялық форум өтті




01-10-2026

Алматы қаласында М. Тынышпаев атындағы ALT университетінің алаңында көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру жөніндегі VII Еуразиялық форум өтті. Оған көлік саласының өкілдері, салалық ұйымдар, IT-компаниялар мен қауіпсіздік жүйелерін өндірушілер, сондай-ақ Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және 1520 жол табаны бар басқа да елдердің теміржол әкімшіліктерінің өкілдері қатысты.

Форум барысында қозғалыс қауіпсіздігі, тасымалдау процесін цифрландыру, көлік инфрақұрылымын басқару және кадр даярлау мәселелері талқыланды. Жекелеген сессиялар теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі салаларына арналды.

Форумның негізгі тақырыптарының бірі – қауіпсіздік мәдениеті болды. ҚТЖ-да қателіктер мен ықтимал қауіптер туралы ашық ақпарат беруді көздейтін «Әділ мәдениет» қағидаты қолданылады. Оқиғаларды талдау барысында олардың тікелей себептерімен қатар, қауіпсіздікке әсер ететін жүйелік факторлар да қарастырылады. Қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындығы тұрақты жаттығулар мен штаттан тыс жағдайларды модельдеу арқылы тексеріледі.

«Қауіпсіздік тәуекелді дер кезінде байқап, ол туралы ашық хабарлай білуден басталады. Мұндай тәсіл орын алған оқиғаларды талдап қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкенов.

Форумда ҚТЖ-ның цифрлық трансформациясына да ерекше назар аударылды. Компания тасымалдау процесін басқарудың жоспарлау, жедел басқару және бақылау бағыттарын біріктіретін бірыңғай цифрлық ортасын қалыптастыруда.

Цифрлық шешімдер жүк және халықаралық тасымалдарда, активтерді басқаруда, талдау мен инвестициялық жобаларды бақылауда қолданылады. Сонымен қатар деректерді қорғау және киберқауіпсіздік бағыттарына да басымдық берілуде.

Цифрландыру транзиттік тасымалдарды дамыту үшін де кеңінен пайдаланылады. ҚТЖ Қытай – Еуропа – Қытай және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы контейнерлік маршруттарды, сондай-ақ порттар, құрғақ терминалдар мен контейнерлік хабтарды пайдалана отырып, мультимодальды тасымалдарды дамытып келеді.

ҚТЖ шамамен 16 мың шақырым теміржол жолының жұмысын қамтамасыз етеді, 2 мыңнан астам локомотив пен 41 мыңнан астам вагонды пайдаланады. Компанияда 118 мың адам еңбек етеді. Жыл сайын шамамен 319,9 млн тонна жүк тасымалданады, жолаушылар айналымы 11,4 млрд жолаушы-шақырымнан асады.

Көрмеде көлік-логистика саласындағы әзірлемелер таныстырылды.

Сонымен қатар «KTZ – ALT INNOVATION» студенттік хакатоны өтті. Оның қатысушылары ҚТЖ-ның нақты өндірістік міндеттері негізінде теміржол саласына арналған цифрлық шешімдер әзірлеуде.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі