Алматы облысында Шамалған және Қазыбек бек вокзалдарын жаңарту аяқталды
29-07-2026
Алматы облысында Шамалған және Қазыбек бек станцияларының вокзалдарын жаңарту аяқталды.
Шамалған станциясының вокзалы 1970 жылы салынған. Қайта құрудан кейін ғимараттың ауданы 241,5-тен 285,5 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жаңартылған вокзал – бұл жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес келетін заманауи бір қабатты ғимарат.
Жұмыс барысында шатырды монтаждау, ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуі, кәрізбен, сумен, жылумен, электрмен жабдықтаудың сыртқы және ішкі инженерлік желілерінің құрылысы орындалды. Сондай-ақ перрон қайта жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды, заманауи жабдықтар мен жиһаздар орнатылды. Қосымша іргетастарды, қабырғаларды және антисейсмикалық белдеуді қоса алғанда, ғимараттың тірек құрылымдарын күшейту жүргізілді.
Шамалған станциясы арқылы күн сайын Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Астана, Қостанай, Маңғыстау және Бейнеу қалаларымен қатынасатын 20 жолаушылар пойызы өтеді.
1960 жылы салынған Қазыбек бек станциясының вокзалы қайта жаңғыртудан кейін ауданы бойынша 82,3-тен 236,7 ш. м. дейін ұлғайтылды.
Шатырды монтаждау, ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуі, сумен, кәрізбен, жылумен, электрмен жабдықтаудың сыртқы және ішкі инженерлік желілерін орнату бойынша жұмыстар орындалды. Перронды қайта құру, іргелес аумақты абаттандыру жүргізілді, сондай-ақ заманауи жабдықтар мен жиһаздар орнатылды.
Қазыбек бек станциясы арқылы күн сайын Алматыдан қатынайтын 2 жолаушылар пойызы өтеді.
Вокзалдарды қайта жаңарту Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Көлік министрлігінің, Алматы облысы әкімдігінің және «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде орындалды. Жоба «ҚТЖ» ҰК» АҚ өз қаражаты есебінен іске асырылды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі