Абай облысында негізгі темір жол жобаларын іске асыру талқыланды

Жаңалықтар

Абай облысында негізгі темір жол жобаларын іске асыру талқыланды




27-04-2026

Абай облысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов пен облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен өңірдегі темір жол инфрақұрылымының негізгі жобаларын іске асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Талқылауға жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен компания қызметкерлері де қатысты.

Негізгі жобалар қатарында жалпы ұзындығы 303 шақырым «Бақты – Аягөз» теміржол желісін салу, 352 шақырым «Ақсу – Жаңа-Семей» учаскесін  жаңғырту, 10 теміржол вокзалын жаңарту, сондай-ақ сала қызметкерлері үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысы бар.

«Бақты – Аягөз» желісінің құрылысы

Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде іске асырылуда. Жаңа желі Қазақстан мен Қытай арасында 20 млн тоннаға артық жүк өткізуге мүмкіндік бермек. Қолданыстағы шекара өткелдеріне жүктемені азайтуға және қосымша транзиттік ағындарды тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоба өңір үшін стратегиялық маңызға ие және оның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы драйверлерінің бірі болады. 1200 жуық жұмыс орнын құру, сондай-ақ аралас салалар үшін қосымша тиімділік күтілуде.

Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту

Өңірде Жаңа-Семей станциясын жаңартуды қоса алғанда ұзындығы 352 шақырымдық «Ақсу – Жана-Семей» учаскесін жаңғырту жалғасуда. Учаскедегі жұмыстар  биылғы жылдың жазында аяқталады деп күтілуде, станцияда – күзде.

Жалпы, соңғы бес жылда облыста 530 шақырымға жуық темір жол жөнделді. Ағаш шпалдарды темірбетонға жүйелі түрде ауыстыру жалғасуда. Бұл инфрақұрылымның сенімділігі мен қызмет ету мерзімін жақсартады.

Вокзалдарды жаңарту

Облыста 10 теміржол вокзалын – Семей мен Аягөзде, сондай-ақ Ақтоғай, Дегелен, Шар, Үшбиік, Жарма, Ауыл, Белағаш және Жалаңашкөл станцияларында жаңғырту жобасы іске асырылуда.

Мердігер ұйымдарға аймақтың сәулеттік ерекшелігін ескере отырып, объектілердің тарихи келбетін сақтау тапсырылды. Бұл ретте жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға басты назар аударылады: заманауи күту залдары құрылады, кедергісіз орта енгізіледі және навигация жақсарады.

Сала қызметкерлеріне арналған қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысы

 «ҚТЖ» ҰК» АҚ Отбасы банкімен бірлесіп компания қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңін іске қосты. Бастама шеңберінде жеңілдікті шарттармен өндірістік персонал – желіде жұмыс істейтін және теміржолдың үздіксіз, қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін қызметкерлер үшін басымдықпен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі көзделетін болады. Бірінші кезеңде 2026 жылдан бастап бағдарламамен Қарағанды, Павлодар, Семей, Қостанай және Астана қалалары қамтылды, онда кадрлардың тұрақтамауы жоғары және теміржол мамандарының тапшылығы байқалуда.

Семей қаласында компания қызметкерлері үшін қолжетімді баспана салу жұмыстары қолға алынды.

 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі