80 мыңға жуық қазақстандыққа темір жолдағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Жаңалықтар

80 мыңға жуық қазақстандыққа  темір жолдағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді




16-11-2026

Азаматтардың жарақаттануының алдын алу ҚТЖ басымдықтарының бірі болып қала береді. Компания құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бүкіл ел бойынша теміржол нысандарында профилактикалық іс-шаралар өткізіп келеді. Жұмыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде жүргізілуде.

2026 жылдың басынан бері 1500 астам профилактикалық жиналыс ұйымдастырылып, оған 80 мыңға жуық адам қатысты. 1 247 рейд жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша 2 067 әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар атына 1 340 ақпараттық хат жолданды.

Жеке бағыт – балалар жарақатының алдын алу. 1-15 қыркүйек аралығында теміржолшылар Қазақстанның 20 өңіріндегі 370 мектеп пен 19 колледжде қауіпсіздік сабақтарын өткізді. Темір жолдағы тәртіп ережелері 35 093 оқушы мен 468 студентке түсіндірілді. Көрнекілік үшін тақырыптық материалдар қолданылды.

Мұндай кездесулер балалар мен жасөспірімдердің назарын теміржол маңында болу қаупіне, қауіпсіздік ережелерін сақтау және өз өміріне қауіп төндірмеу қажеттілігіне аударуға көмектеседі.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі