Жеке тасымалдаушы пойызына қатысты ресми ақпарат
22-11-2025
«Жолаушылар тасымалы» АҚ әлеуметтік желілерде №43/44 «Қостанай – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызына қатысты таралған ақпаратқа байланысты ресми түсініктеме береді. Атап айтқанда, жарияланымдарда аталған пойыз вагондарының техникалық жағдайы сынға алынып, оның «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға тиесілі екендігі айтылған.
№43/44 пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның құрамына кірмейтінін хабарлаймыз. Аталған бағыттағы пойызда жеке тасымалдаушы – «Түрксіб Астана» ЖШС қызмет көрсетеді. Бұл компания Ұлттық тасымалдаушы құрылымына кірмейді және оның қызметі дербес сипатқа ие.
Қазақстанда жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке тасымалдаушылардың қызметін ҚР Көлік министрлігі қадағалайды. Сондықтан жеке тасымалдаушылар ұсынатын қызметтердің сапасына қатысты барлық сұрақтар мен шағымдар тікелей осы уәкілетті мемлекеттік органға жолдануы тиіс.
Бүгінгі таңда еліміздің теміржол жолаушылар тасымалы нарығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан бөлек, 14 жеке тасымалдаушылар жұмыс істейді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі