Жаңаарқа және Маңғыстау деполарына заманауи тепловоздар әкелінді
16-10-2025
CKD6S сериялы жаңа маневрлік тепловоздардың және ТЭ36А сериялы магистральдық тепловоздардың алғашқы партиялары Жаңа – Арқа және Маңғыстау локомотив пайдалану деполарына келіп түсті. Кәсіпорындар ұжымы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен қытайлық CRRC Ziyang Co. Ltd және CRRC Dalian Co., Ltd. компаниялары арасындағы ұзақ мерзімді шарт шеңберінде келіп түскен заманауи техниканы салтанатты түрде қарсы алды.
Жаңа техниканы жеткізу ҚТЖ локомотив паркін жоспарлы жаңарту шеңберінде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Астана және Екібастұз станцияларында сәтті пайдаланылып жатқан 17 маневрлік тепловоз жеткізілген. 2026 жылдың соңына дейін осы серияның тағы 100 бірлігін жеткізу жоспарлануда.
Жаңа тепловоздар жоғары техникалық және пайдалану сипаттамаларымен ерекшеленеді. Олар локомотив бригадалары үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін БОРТ қауіпсіздік жүйесімен, ауа баптағышпен, тоңазытқышпен, электр плитасымен және жуынатын бөлмемен жабдықталған.
Қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін дизельді үй-жайда және машинист кабинасында қозғалыс барысы бойынша жағдайды тіркейтін бес бейнекамера орнатылған. Деректер 2 терабайт дискіде сақталады.
Заманауи тепловоздарды пайдалану операциялардың тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады, сондай-ақ Қазақстанның теміржол саласын одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі