ҚТЖ нарық қатысушыларын астық тасымалдау барысы туралы хабардар етті
14-11-2025
"Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ өкілдері Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жанындағы астық тасымалдау жөніндегі жедел астық штабының отырысына қатысты. Іс-шараға ірі жүк жөнелтушілер, ауыл шаруашылығы министрлігінің, "Атамекен" ҰКП, астық терминалдарының, Құрық және Ақтау порттарының өкілдері, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен элеваторлардың иелері қатысты.
Отырыста ҚТЖ қатысушыларға ағымдағы жағдай және тасымалдау процесін тұрақтандыруға, оның тиімділігін арттыруға және астық тасымалының уақытылы болуы бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы өзекті ақпарат берді. Компания биылғы маркетингтік жылдың алғашқы екі айында астық тиеу жоспарларының орындалуы туралы баяндады.
Орталық Азия бағытында уақытша қиындықтар байқалғаны атап өтілді. Егінді сақтау, элеваторлық қуаттарды босату және астықты жөнелту қарқынын арттыру үшін ҚТЖ астықтан басқа, Сарыағаш станциясы арқылы өтетін барлық жүктердің қозғалысын уақытша шектеді.
Өзбек тарапымен бірлесіп пойыздарды қабылдауды ұлғайту жоспары келісілді. Өзбекстан аумағында астықты маршруттармен тасымалдау ұйымдастырылатын станциялар анықталды.
Отырыс барысында әрі қарай тасымалдау жоспарлары және астықты белсенді әкету кезеңіне тұрақты логистиканы қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды. Жүк жөнелтушілер сұрақтарға толық жауап алды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі