ҚТЖ локомотив паркін ауқымды жаңарту үшін қаржы тартып отыр
07-11-2025
Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары аясында ҚТЖ локомотив паркін жаңартуға арналған 10 жылдық мерзімге 1,6 млрд доллар көлеміндегі қаржыландыруды тарту жөнінде маңызды Мандаттық келісімге қол қойылды. Wabtec компаниясының локомотивтерін жеткізу ұзақ мерзімді кезеңге – 2038 жылға дейін жоспарланған.
Келісім «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен қаржыландыруды үйлестіруші болып табылатын Citibank арасында жасалды. Бұл стратегиялық мәмілеге АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (US EXIM) кепілгер ретінде қолдау көрсетеді.
Локомотивтер Қазақстан аумағында – Wabtec Transportation Engines Holding B.V. компаниясының еншілес кәсіпорны саналатын Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-да өндіріледі.
Аталған сатып алу бағдарламасы тартқыш жылжымалы құрамды кешенді түрде жаңартуға бағытталған. Бұл жүк тасымалының артып келе жатқан қажеттіліктерін сенімді қамтамасыз етіп, тасымалдың энергия тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі