Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Астанада Kazinform фотокөрмесі ашылды

Жаңалықтар

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Астанада Kazinform фотокөрмесі ашылды
 




05-05-2025

Астанада «Жеңістің 80 жылдығы. Kazinform фотошежіресі» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Шараны Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесе ұйымдастырып отыр.

Экспозиция Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Қазақстан халқының фашизмді талқандауға қосқан үлесін көрсетуге арналған. Бір ғасырдан бері ел тарихын қаттап келе жатқан Kazinform мұрағатында маңызды оқиғалардың ақпараты ғана емес, бірегей фотосуреттері де сақтаулы.
 


Соғыс жылдары елімізден 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанып, 600 мыңнан артығы оралмады. Қазақстан тылдан қамтамасыз ету ісінде шешуші рөл атқарды: майданда атылған әр он оқтың тоғызы отандық зауыттарда құйылды; 1500 вагон азық-түлік пен киім-кешек жөнелтілді; жеңіл өнеркәсіп 2 миллион сарбазды киіммен қамтамасыз етті. 78 госпиталь жаралыларға көмек көрсетті. Қазақстандықтар қорғаныс қорына 4 миллион рубльден астам қаражат аударды. 1945 жылы студенттер қаржысына жасақталған танк колоннасы Берлинді алған шайқасқа қатысты.


Көрмеге соғыс кезеңінде түсірілген бірегей фотолар, Kazinform фототілшілерінің суреттері қойылған. Олар Қазақстанның фашизмді жеңу жолына қосқан үлесін көрсетеді. Өкінішке орай, көптеген автордың аты-жөні архивтерде қалмаған. Сақталғандар арасында В. Гребнев, Ю. Редкин, Галкин бар. Архивтердегі жұмыс әлі де жалғасады.

«Бұл жұмыс Kazinform агенттігінің 105 жылдығы аясында жүзеге асып жатыр. Архивте қазір Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне тиесілі 3 мыңнан астам бірегей фото бар. Олар сол дәуірдің рухын, әлемді фашизмнен қорғаудан тайсалмаған аталарымыздың ерлігін, батырлық пен жанқиярлық, еңбекқорлық пен парызға адалдық, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты адами құндылықтарды дәріптейді», – дейді ҚР Президенті Телерадиокешені директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Асқар Жалдинов.
 

 

Фотосуреттердегі кейіпкерлер — солдаттар, жұмысшылар, дәрігерлер, ғалымдар — Ұлы Жеңіс рухының жарқын бейнесі. Олардың қатарында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова, генерал-майор Иван Панфилов, полковник Бауыржан Момышұлы және басқалар бар.

Kazinform фотокөрмесі – өткенге құрмет білдіру және алғыспен еске алу шарасы. Ауыр жылдарға жаңаша көз жүгіртіп, Жеңістің қандай қиындықпен келгенін бағамдау мүмкіндігі.

Көрменің бейненұсқасы еліміздегі барлық вокзал мен әуежайлардың LED-экрандарында көрсетіледі. Бұл көрмені ел тұрғындары мен қонақтары көптеп көре алуы үшін жасалып отыр.
 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі