Душанбеде Достастыққа қатысушы мемлекеттер теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің 82-ші отырысы өтті
11-06-2025
Душанбе қаласында (Тәжікстан Республикасы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы - мемлекеттер теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің сексен екінші отырысы өтті.
Отырысқа Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан теміржол әкімшіліктерінің басшылары, сондай-ақ Грузия, Иран, Латвия және Эстония әкімшіліктерінің өкілдері қатысты.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ атынан отырысқа басқарма төрағасының орынбасары Талғат Алдыбергенов қатысты.
Отырыс барысында 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы теміржол саласы жұмысының қорытындысы шығарылды. Достастыққа қатысушы мемлекеттер темір жолдары желісі бойынша 387,2 млн тонна жүк тасымалданды. Жүк айналымы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6% өсті.
Контейнерлерде тасымалдау жоспарлы көрсеткіштерден 8,3% және 2024 жылдың бірінші тоқсаны деңгейінен 5,6% асып түсті. Жүк вагондарының орташа тәуліктік жұмыс паркі 1,4 млн бірлікті құрады.
Халықаралық жолаушылар тасымалында да оң динамика байқалады: жолаушылар айналымы 17% өсті, тасымалданған жолаушылар саны 2,3 млн адамға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 16% жоғары.
Кеңестің келесі, сексен үшінші отырысы 2025 жылғы қарашада Баку қаласында (Әзірбайжан Республикасы) өтеді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі