Бірыңғай курс: ҚТЖ және Rail Cargo Austria транзиттік осьті күшейтуде

Жаңалықтар

Бірыңғай курс: ҚТЖ және Rail Cargo Austria транзиттік осьті күшейтуде




27-11-2025

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да Австрия Парламенті Ұлттық кеңесінің Екінші Президенті Хаубнер мырза бастаған Австрия Республикасының делегациясымен кездесу өтті.  

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамыту перспективаларын, логистикалық өзара іс-қимыл және Қазақстан мен Австрия теміржол компаниялары арасындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу аясында өңірдің көлік және инфрақұрылымдық жобаларына мүдделі жетекші австриялық компаниялар тарапынан презентациялар өткізілді.  


Кездесудің негізгі нәтижесі ҚТЖ-ның еншілес компаниясы – KTZ Express пен Rail Cargo Austria (ÖBB Holding AG құрамына кіреді) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Құжат Орталық және Шығыс Еуропада ÖBB-Holding AG терминалдық инфрақұрылымын бірлесіп пайдалану, ТХКБ бойынша интермодальдық тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ өңірде жаңа терминалдар салу жөніндегі әлеуетті жобаларды қоса алғанда, терминалдық қуаттарды бірлесіп дамыту перспективаларын қарауға бағытталған. 

Диалог экономикалық байланыстарды нығайтудағы және Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды қадам болды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі