Қазақстан мен Қытай 2026 жылға арналған тасымалдау перспективаларын талқылады

Жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай 2026 жылға арналған тасымалдау перспективаларын талқылады




29-09-2025

Алматыда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Шекаралық темір жолдары аралас комиссияларының 34-ші отырысы өтті. Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк және контейнерлік тасымалдардың қорытындысы шығарылды. 2025 жылдың сегіз айында тасымалдау көлемі 23,2 млн тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінен 10% артық. Ағымдағы жылдың соңына дейін тараптар тасымалдау көлемін 35 млн тонна деңгейінде орындауды қамтамасыз етуге келісті, бұл өткен жылғы деңгейден 3,6 млн тоннаға артық. Сондай-ақ, 2026 жылға арналған тасымалдаудың алдын ала болжамды көлемі талқыланды.

Қазақстандық өнім экспортын ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Астық тасымалдаушыларда, жабық вагондарда және контейнерлерде астық жүктерін, сондай-ақ флекситанкалардағы контейнерлерде өсімдік майын тасымалдауды кеңейту жөніндегі шаралар тиеудің қажетті шарттарын сақтай отырып келісілді. 

Тараптар тасымалдау құжаттарын ресімдеу, түйісу станцияларында ақпарат алмасу, сондай-ақ кедендік рәсімдерді жеделдету кезінде қағазсыз технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. 

Бұдан басқа, 2025 жылғы желтоқсаннан бастап ҚР мен ҚХР шекаралық станциялары арасында пойыздарды, вагондар мен жүктерді қабылдау-беру үшін ауысым қызметкерлерінің келуін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл шара тасымалдау процесінің тиімділігін арттыруға және пойыздарды өңдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды. 
 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі