Қазақстан темiр жолы

Жаңалықтар

Қазақстан мен Тәжікстан теміржолшылары екі елдің транзиттік мүмкіндіктерін дамытуға келісті




18-04-2025

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттіктің директоры Нұрмахмад Ахмадзодтың басшылығымен «Рохи охани Точикистон» МУК бастығы Комил Мирзоалидің қатысуымен Тәжікстаннан келген делегациямен кездесу өткізді.  

Тараптар теміржол көлігі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жүк тасымалдау көлемін ұлғайту, сондай-ақ көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мүмкіндіктері қаралды. 

Қазақстан мен Тәжікстан темір жолдарының қатысуымен жүктерді тасымалдау көлемінің өсуі байқалды. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында шамамен 1,4 млн тонна тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8% артық. 

Кездесу аясында тараптар одан әрі жемісті өзара іс-қимылға дайын екендіктерін білдірді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Рохи охани Точикистон» МУК басшылығы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы теміржол қатынасын дамытуға бағытталған әріптестік қатынастарды нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі