Астана депосына CRRC компаниясының заманауи маневрлік тепловоздары жеткізілді
21-05-2025
Астана локомотив пайдалану депосында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен China Railway Rolling Stock Corporation (CRRC) корпорациясы арасындағы негіздемелік келісім шеңберінде қойылған заманауи маневрлік тепловоздарды қабылдау салтанатты рәсімі өтті. 100 маневрлік тепловозды жеткізу туралы келісімге 2023 жылғы 17 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары барысында қол қойылды.
Лентаны кесу құрметі құқығы депода көп жылдар жұмыс істеген және биыл жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толғанға дейін төлейтін салалық жәрдемақыға шығатын құрметті машинистер Нұрбек Сембиев пен Серкебай Майкеновке берілді.
Машинистердің айтуынша, жаңа локомотивтер жайлылықтың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Кабинада тағамды жылытуға арналған плита, ауа баптағыш және тоңазытқыш бар, бұл жұмыс жағдайын едәуір ыңғайлы етеді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі