Абай облысында «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылыс барысы тексерілді
19-11-2025
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Нұрлан Ұранхаев жұмыс сапары аясында «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол желісінің құрылысы барысымен танысты. Жоба ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес іске асырылуда және қазақстан-қытайлық шекарасында үшінші шекаралық теміржол өткелін құруды көздейді.
Нысанды аралау барысында Н.Ұранхаев т/ж және су көлігі комитетінің, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның, China Harbor Engineering Company LTD бас мердігерлік компаниясының және облыс әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқыны мен сапасын бағалады.
Құрылыс белсенді кезеңде: жұмыстар жалпы ұзындығы 42 км учаскелерде жүргізілуде, 120 бірлік техника мен 272 маман жұмылдырылған. 517 972 м3 жер жұмыстары орындалды, жер төсемі төселіп, вахталық қалашықтар, инженерлік желілер мен инфрақұрылым объектілері салынуда.
Сонымен қатар, жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып келеді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу 2026 жылғы сәуірде деп күтілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау 2027 жылғы 31 желтоқсанға жоспарланған.
«Бақты – Аягөз» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің ерекше бақылауында.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі