ҚТЖ көмір жүгінің жоспарланған көлемін тасымалдауға дайын

Жаңалықтар

ҚТЖ көмір жүгінің жоспарланған көлемін тасымалдауға дайын




22-08-2024

ҚТЖ желісі бойынша 2024-2025 жж. жылыту маусымына дайындық кезеңінде осы жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан бойынша 17 млн тонна тас көмір тасымалданды. Оның ішінде 16 млн тонна қатты отын елдің жылу электр орталықтарына және 1 млн тоннасы тұрғындарға жеткізілді.

2024-2025 жж. жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін ҚТЖ көмір тасымалдау бойынша жол картасын жүзеге асыруда. Құжатқа жедел штабтың, мониторингтік топтардың жұмысы жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ негізгі көмір тұйықтарына барып жағдаймен танысу және мүдделі мемлекеттік органдар, көмір разрездері өкілдерінің қатысуымен кеңестер өткізу енгізілген. 

ҚТЖ-да көмір тасымалдауды үйлестіру жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді, оған орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелердің 60 астам қызметкері жұмылдырылған. Штаб тәулік бойы әрбір көмір разрезінен Қазақстанның барлық облыстарына және елдің жылу электр орталықтарына көмірді тиеп жөнелтуге мониторинг жүргізеді. Жедел режимде реттеу шешімдерін қабылдайды және бос вагондарды жіберу мен тиеуді шұғыл әрі орта мерзімді жоспарлауды қамтамасыз етеді. 

ҚТЖ «Қаражыра» АҚ, «Майкубен Вест» АҚ, «Шұбаркөл Көмір», «Қазақмыс» АҚ көмір разрездерінің өкілдерімен бірқатар кеңестер өткізді, онда алдағы жылыту маусымының өтуі, көмір тасымалдарының біркелкілігі және тасымалдарды маршруттауды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде көмір тасымалдауға «Қазтеміртранс» АҚ-ның 20 мыңға жуық жартылай вагоны тартылатын болады.

ҚТЖ ЖЭО қоймаларында көмірді, қатты отын қорының қалдықтарын тасымалдауды қамтамасыз ету мониторингі бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді, сондай-ақ жүк жөнелтушілердің өтінімдерін қамтамасыз етуді және вагондар айналымының орындалуын бақылайды. Көмір тасымалы мониторингінің интерактивті жүйесі (дашборд) енгізілді.   

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі