Үш жыл ішінде ҚТЖ 1300 шақырымнан астам темір жол салады

Жаңалықтар

Үш жыл ішінде ҚТЖ 1300 шақырымнан астам темір жол салады




23-11-2023

Бұл туралы ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен Үкімет отырысы барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев мәлім етті. 

ҚТЖ экспорттық және транзиттік жүктерді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін Теміржол инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы әзірленді. Онда жөндеу, ағымдағы ұстау, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа жолдар салу көлемі айқындалған.

2030 жылға дейін лимиттеуші учаскелерді жою жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады. Қолданыстағы станциялық жолдарды ұзарту және қосымша станциялық жолдарды салу, жаңа бөлек пункттерді ашу, автоблоктауды енгізу және екінші жолдарды салу жоспарлануда.

Бүгінде ҚТЖ төрт ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруда. Үш жыл ішінде 1334 км жол салынады: Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал учаскелерінде теміржол желілері және Алматы торабын айналып өтетін темір жолы. 

Өткен жылдан бастап Достық – Мойынты теміржол учаскесін жаңғырту белсенді жүргізілуде. Қолданыстағы желі бойымен екінші жолдар салынады, олардың іске қосылуы учаскенің өткізу қабілетін 5 есе арттырады.

Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталды, ол Алматы торабы жүктемесін 40%-ке түсіреді және транзиттік жүктерді жеткізу уақытын қысқартады.

25 қарашада Сарыағаш – Ташкент учаскесінің жүктемесін азайтатын  Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы басталады.

Желтоқсан айында Бақты-Аягөз теміржол желісінің құрылысын бастау жоспарлануда. Жаңа тармақ Қытай бағытындағы жүк ағынын арттырады.

Сондай-ақ Жезқазған - Жарық, Қазалы - Арыс, Алматы - Алтынкөл, Ақсу-Жаңа-Семей, Қандыағаш-Тобыл бір жолды учаскелерін дамыту бойынша шаралар қабылдануда.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі