08-09-2023
6 қыркүйекте Октябрь станциясынан (Тайынша ауданы) Сиань қаласына (ҚХР) 1300 тонна қазақстандық бидай жөнелтілді.
Жаңа маршруттық контейнерлік пойыздың ұйымдастырушысы «Кедентранссервис» АҚ («ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымы) және Сиань қаласының халықаралық құрғақ порты – «Қытай-Қазақстан Сауда-логистикалық компаниясы» ЖШҚ бірлескен кәсіпорны болып табылады.
Солтүстік Қазақстан бидай және ұнтақ өнімдерін өндіру бойынша көшбасшы, сондай-ақ елдегі астықтың ірі экспорттаушысы болып табылады. 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың маусымына дейін ҚХР-ға астықтың экспорттық тасымалы 4 есеге ұлғайып, 1,1 млн.тоннаға жетті.
«Қытай-Қазақстан сауда-логистикалық компаниясы» ЖШҚ-ның астықпен алғашқы контейнерлік пойызды іске қосумен белсенді қатысуы екі елдің аграрлық және сауда-көлік секторларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін береді және болашақта Сиань қаласында бірлескен кәсіпорын тұрғызатын жүк терминалының қуатын пайдалануға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлері есебінен жөнелту географиясын кеңейтуді және тасымалданатын жүктердің номенклатурасын кеңейте отырып, ҚХР-дан сұранысқа ие импортпен пойыздарды кері жүктеуді жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі