Ақтау порты мамырда контейнерлерді ауыстырып тиеудің айлық көлемі бойынша рекорд орнатты
18-06-2024
Ақтау теңіз порты 2024 жылдың мамыр айында контейнерлерді өңдеудің айлық көлемі бойынша өз рекордын қоя отырып, 5,1 мың ЖФЭ-ден асып түсті. Жалпы ағымдағы жылдың бес айында 15,8 мың ЖФЭ ауыстырып тиелсе, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңі көрсеткішінен 2 есе асып түседі.
«Жыл басынан бері Ақтау порты арқылы контейнерлік тасымалдың жоғары өсуі байқалады. Бұл ретте тасымалдың көп бөлігін Сиань қаласындағы қазақстандық-қытайлық терминалдың іске қосылуы арқасында Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша 10 есеге өскен ҚХР-дан контейнерлік транзит алады. Бүгінгі таңда бұл маршруттың әлеуеті жоғары. Басты артықшылықтары – жүктерді жеткізу мерзімі және оның жолдағы қауіпсіздігі», - деп атап өтті теңіз портының бас диспетчері Вадим Новиков.
Контейнерлік жүктерді ауыстырып тиеудің жоғары көлемін өңдеу үшін осы жылдың тамыз айында теңіз порты заманауи қуатты қайта тиеу техникасымен: жалпы және үйінді жүктерді ауыстырып тиеуге арналған 65 тонналық жүк көтергіштігі жоғары ричстакерлермен және порталдық кранмен толықтырылады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі