Слайд



Жолаушылар Жүк жөнелтушілер

Онлайн билет сатып алу

Тізімінен станцияны таңдаңыз, содан кейін станцияның атын теруді бастаңыз

«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Siemens AG бірлескен кәсіпорын құрмақ

Сәуірдің 1-інде Астанада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ының еншілес кәспорындары «Локомотив жөндеу», Электрлендіру департаменті «Мобильность» дивизионы Siemens AG компаниясының индустриялық секторы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы құрылтайшылық құжаттарға қол қойылды. Жаңа бірлескен кәсіпорын «Temir Zhol Electrification» ЖШС деп аталатын болды.

«Локомотив жөндеу» АҚ тарапынан компанияның вице-президенті Гүлнар Аманбаева, Siemens AG тарапынан электрлендіру департаментінің вице-президенті Эльмар Шульце –Веттендорф және «Siemens» ЖШС директоры Кай Цвингенбергер қол қойды. Маңызды құжаттарға қол қою рәсіміне «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Ермек Қизатов және Басқарушы директор – бас инженер Бауыржан Орынбасаров қатысты.

Жаңадан құрылған бірлескен кәсіпорын Қазақстан Республикасы темір жолын электрлендіру, тартым подстанцияларын және магистральдық желіні жаңғырту жұмыстарымен айналысады.

Оған қоса, бірлескен кәсіпорын өз жұмысына жергілікті өндірісшілерді де тарту арқылы Қазақстанда шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге күш салады. Әріптестіктің ең маңыздылығы сонда - ол жергілікті маман кадрлерді дайындауға да атсалысады.

«Бұл келісім шартты «Қазақстан темір жолы» АҚ-ымен жасау біздің әріптестігімізді одан сайын дамыта түседі»,-деп атап өтті қол қою рәсімінен соң Эльмар Шульце –Веттендорф.- Siemens жылжымалы құрамды жаңғырту жөніндегі жобаларға да қатысып отыр. Қазақстанның қазіргі темір жол саласын инновациялық технологиямен қамтуға қолдау көрсетеді. Ел мамандарына компанияның ноу-хау жетістіктерін де ұсынады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі






Жүк ағынына кедергі азаяды

Астанада ТЖЫҰ-ХТК аясында халықаралық семинар басталды. Онда Еуропа Азия темір жол бағдарында бірегей ілеспеқұжат пайдаланудың практикалық мүмкіндігі талданды.

Семинарға ТМД және Еуропа темір жол әкімшіліктері мен ТЖЫҰ-ға мүше елдердің Халықаралық темір жол көлігі комитеті (ХТЖ), басқа да профильді министрліктердің өкілдері қатысуда.

Семинар кеңеске қатысушыларға арнап сөз сөйлеген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Ержан Жәкішев Қазақстанда инфрақұрылымдық Қорғас-Жетіген, Өзен- Түркменстанмен мемлекеттік шекара жобаларының жүзеге асырыла бастағандығын, ол арқылы Таяу Шығыс пен Қытайға транзиттік жүктердің көбейетіндігін баяндады. Баяндамашының пайымдауынша аталмыш семинар ТЖЫҰ мүше елдердің табысты ынтымақтастығына жаңаша серпін беретіндігіне сенім білдірді.

Өз кезегінде ТЖЫҰ комитет төрағасының орынбасары Виктор Жуков осы ұйым аясындағы елдерде бірегей ілеспеқұжат дайындаудың оны қолданудың маңыздылығына тоқталды. Бұған дейінгі үш жылдық тәжірибеге сүйене отырып, Қытай мен Еуропаға шығатын транзиттік бағдарларда бірегей ілеспеқұжат пайдалану жүк ағынының өсе түсуіне ықпал етеді деген ойды таратып айтты.

2006 жылы қабылданған бірегей ілеспеқұжат төңірегінде Халықаралық темір жол көлігі комитеті бас хатшысы Томас Ляймгрубер, Халықаралық темір жол тасымалының үкіметаралық ұйымының бас хатшысының орынбасары Густав Кавка өз ойларын ортаға салды. Жаңа жобаның электрондық версиясы жөнінде жобасының жетекшісі Ерик Евтимов кеңірек тоқталды.

Бірегей ілеспеқұжат ЦИМ\СМГС екі халықаралық жүк тасымалдаудың басын біріктіреді. Бастапқысы ЦИМ Еуропа аумағындағы елдерге қызмет етсе, СМГС – ТМД елдері мен Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне құқықтық қызмет көрсетеді. Бұл құжат арқылы халықаралық бағдардағы жүк тасымалдау кезінде құжаттар қайта ресімделмейді, ол бүкіл бағдардың өн бойындағы қозғалыстың тоқталыссыз атқарылуына ықпал етеді. Бірегей ілеспеқұжатты Еуропа мен Азияның барлық бағдарларында қолдануға болады. Ол арқылы вагон тоқталысы уақыты шамамен 8-10 сағатқа дейін азаятындығын мамандар анықтап отыр.

- Бүгінгі таңда жүздеген вагондар күн сайын барлық бағдарларда жаңа бірегей ілеспеқұжат бойынша шекарадан тоқталыссыз өткізілуде. Бұл әрине, екі құқықтық жүйені біріктірудегі оны үйлестірудегі аса ірі қадам,-деп атап өтті Виктор Жуков.

Семинарда бірегей ілеспеқұжат бойынша қауіпті жүктерді Германия, Франция, Чехия, Словакия және ТМД аумағы арқылы тасымалдау жайы жан-жақты талқыланды. Шара соңында семинарға жиналғандар шекаралық Достық станциясындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі






Қазақстан мен Венгрия арасында тасымалдау көлемі артады

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ында «Венгр мемлекеттік темір жолдары» ЖАҚ делегациясымен екі ел арасындағы экспорттық-импорттық және транзиттік тасымал көлемін арттырудың барысы қаралды.

Қазақстан мен Венгрия арасындағы жүк тасымалын өрістету жұмысы әлемдік экономикалық тоқырау кезеңінде үлкен маңызға ие болды. Кездесу барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Ермек Қизатов екі ел арасындағы тасымалдау көлемінің соңғы жылдары төмендеп кеткендігіне тоқталды. Қазақстандық мұнай, мұнай өнімдері, сұйытылған газ Еуропаға қажетті болса, Қазақстанға Венгрияның машина құралдары, химикаты қажет.

Қазақстан қазіргі таңда Парсы шығанағы мен Қытайға шығатын халықаралық көлік дәлізінің құрылысын жүргізуде. Екі желі бойынша да поез арқылы трансконтинентальдық жүк тасымалдау қашықтығы едәуір қысқарады.

«Венгр мемлекеттік темір жолдары» ЖАҚ бас директоры Ференц Сарваштың айтуынша, бұл елде таяу болашақта теміржолдың инфрақұрылымын дамытуға 10 млрд. еуро көлемінде қаржы бөлу қарастырылуда.

Тараптардың пайымдауынша, екі ел теміржолшылары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту Достастыққа қатысушы мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерімен де бірлесе ойластырылғаны жөн көрінеді. Себебі, Қазақстан мен Венгрия темір жолының тасымалдау үдерісі Украинаның Чоп, Захон станциялары арқылы өтеді. Сондықтан да екі елдің теміржол әкімшілігінің басшылары «Укрзализныци» теміржолымен келісімдерге отыруы тиіс.

Ермек Қизатов сәуір айында Украинаға сапарында «Укрзализныци» басшыларымен Қазақстан Венгр транзиті туралы мәселе көтеретіндігін айтты.

Ференц Сарваш Қазақстан темір жолы басшыларын екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыта түсу үшін Будапешке келуге шақырды.

Тараптар нақты жобаларды тиянақтай түсу үшін арнайы жұмыс тобын құрды. Оны ҚТЖ Маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Ержан Жәкішев басқаратын болды.

Жұмыс тобының ұсыныстары күзде Венгрия Премьер министрінің Қазақстанға сапары барысында талқыланатын болады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі






Халықаралық деңгейдегі технология көрмесі

Мәскеуде Ресейлік арнайы «Exporal» темір жол көлігін дамытудың Халықаралық 5-ші жаңа жетістіктері туралы көрме өткізілді. Қазақстандық теміржол индустриясы жетістігі ретінде ТМД елдері бойынша мойны озық «Локомотив құрастыру зауытының» «Еволюшн» сериясындағы ТЭЗЗА магистральдық жүк тепловозы қойылды.

Жылжымалы құрамды жасайтын және оған қажетті құралдарды жеткізетін 20-дан астам елден келген өндірісшілер бұған қызығушылық танытты. Осы көрмеге қатысу арқылы астаналық локомотившілерге халықаралық іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіншілік ашылды.

Сонымен қатар көрмеге қатысушылар қазақстандық локомотив құрастыру зауытының базасында американдық «General Electric Transportation» компаниясына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысы арқылы жасаған магистральдық тепловозының техникалық мүмкіндігі, сыртқы эстетикалық көрінісі, жаңа технологияларға сай жасалған шешімдері басқа бәсекелестерінен мықтылығын көрсетіп тұрды.

Сарапшылар мен тұрақты сатып алушылардың айтуынша, қазақстандық локомотившілер халықаралық талаптарға сай өнім шығарып отыр.

Қазақстанда басталған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында Елбасының тапсырмасымен «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ алғашқы қатарда тұр.

Ашылғанына небәрі бір жарым жыл болғанына қарамастан «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ 30-дан астам локомотив құрастырды. Қазіргі таңда оны барлығы қазақстандық темір жол саласында жүйткіп жүр.

«Қазақстан темір жолы» Баспасөз қызметі






Теміржолшылардың спорттық жеңістері

Елордасында Республика теміржолшылары кәсіподағының Астана филиалы Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығына арналған кубогі үшін спартакиада аяқталды.

Оған 18 команда құрамында 250 спортшы мини-футбол, боулинг, бильярдтан бақ сынасты. Ұлттық компанияның еншілес кәсіпорындары арасында мини футболдан жүлделі орындарды «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Бас есептеу орталығы» мен «Астана белгі беру және байланыс дистанциясы бөлісті.

Боулингкке 18 команда қатысты. Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды «Ресурстық қамту дирекциясы» иемденсе, «Астана белгі беру және байланыс дистанциясы» екінші орынды, «Қазтранссервис» АҚ үшінші орынға табан тіреді.

Бильярдтан турнир бойынша «Бас есептеу орталығы» командасындағы Оразбек Жылыбаев пен Жанерке Әбенова бас жүлдені иемденді. Екінші орынды «Жолаушылар тасымалы» АҚ – «Солтүстік» аймақтық филиалының командасынан –Оразбай Тойшыбеков пен Самат Айтмағамбет алды.

Теміржолшылар кәсіподағы –Астана филиалының Спартакиада кубогін Астана белгі беру және байланыс дистанциясы жеңіп алды.

Жарысты қорытындылаған «ҚТЖ» ҰК» АҚ кәсіподағы Орталық Кеңесінің төрағасы Оразғали Ахметбаевтың айтуынша, мұндай спорттық шаралар еңбек ұжымдарын одан сайын ынтымақтастыра түседі. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еңбеккерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау- компанияның әлеуметтік саясатының бір парасы болып табылады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі






Теміржол сайлауға дайын

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Асхат Акчуриннің басқаруымен ұлттық компанияның құрылымдық бөлімшелері және еншілес компанияларының жетекшілерімен селекторлық кеңес өткізілді.

Кеңестің басты тақырыбы - «ҚТЖ» ҰК» АҚ еңбеккерлерінің алдағы президенттік сайлауға ұйымшылдықпен қатысуы және сол мерзімде теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік шараларын күшейту.

Қазақстан теміржолшыларының кәсіподағы қазіргі қызмет етіп отырған Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын президенттікке ұсыну жөнінде шешім қабылдаған болатын. Себебі – теміржолшылар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның дамуындағы негізгі шешуші тұлға деп танып оған бәсекелес ретінде сайма-сай келетін адам жоқ деп таниды.

«Президенттің саяси, экономикалық және әлеуметтік шешімдерінің нәтижесінде, еліміздің теміржолшылары еңбекшілерді қысқартуға ұшыратқан жоқ. Оған қоса, Қазақстан тарихында «Эволюшн» соңғы буынды теполовозды жасауды қолға алды. Басқа да зауыттар салынып жатыр. Жылма-жыл компанияның экономикалық көрсеткіштері өсіп келеді»,- деп атап өтті компанияның вице-президенті Асхат Акчурин.

Асхат Акчурин сөзін жалғастыра отырып, сәуірдің 3-інде өткізілетін президенттік сайлауға облыстардағы филиалдардың дайындық барысы туралы сала жетекшілерінің есебін тыңдап, жергілікті жерде теміржол қозғалыс қаупсіздігін қатаң сақтап, онда тәулік бойы кезекшілік етілуі қажеттігін назарға алды.

Сала басшыларының баяндауынша, аймақтардағы теміржол саласы нысандарында, вокзалдарда, жылжымалы құрамдарда қаупсіздікті қамтамасыз ету туралы алдын ала ұйымдастыру шаралары жүргізіліп, негізгі нұсқамалықтар бойынша кеңестер өткізілген.

Селекторлық кеңесті қорытындылай келе, компанияның вице-президенті Асхат Акчурин сайлау кезінде теміржолшылардың белсенділік көрсетіп, азаматтық борыштарын адал орындауы тиістігін, теміржолшылардың қашанда демократияны, еліміздің тұрақтылығы мен экономикалық жетістігіне таңдау жасайтындығына сенім білдірді.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі 






Жер шалғайлығын көңіл жақындастырады

Белорус темір жолының делегациясы Астанада қазақстан-белорус теміржолшыларының, ірі жүк тасымалдаушылардың, Белорус магистралын пайдаланушы компания өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысын өткізді. Онда екі жақты қарым-қатынасты одан әрі жалғастыратын бірқатар салааралық құжаттарға қол қойылды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мен «БТЖ» мемлекеттік бірлестігінің бастығы Анатолий Сивак Қазақстан темір жолы мен Белорус темір жолы арасындағы әріптестік қарым қатынасты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған салалық бірлескен шаралары Жоспары мен екі жақты келісім Хаттамасына қол қойды. Ол құжатта екі ел теміржолшылары қол жеткізген тасымалдау көлемін арттыру, транзиттік тасымалға қолайлы ахуал орнату, жылжымалы құрам паркін жаңғырту туралы жайлар көрсетілген.

Дөңгелек үстел отырысы барысында оған қатысушы ірі жүк тасымалдаушылар «Қазмұнайгаз», «Қазфосфат», «Теңізшевройл», «Ақтөбемұнайгаз» қазақтан-белорус теміржол салаларының жүк тасымалдаушыларға жасап отырған қолайлы жайларына назар аударды. Оның ішінде неғүрлым қысқа жолды таңдау, бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістік жеңілдігі туралы мәселелерге көңіл бөлді. Шараның модераторы ҚТЖ вице-президенті Ермек Қизатовтың айтуынша, Қазақстан, Белорус және Ресей арасындағы теміржол тарифын бірегейлендіру - 2013 жылға қарай пойыздардың шекарада тұрып қалу уақытын, жылжымалы құрам айналымы мерзімін қысқартады. Жүк жөнелтушілердің қаржылық шығынын азайтады. Өткізу құжаттарын ресімдеуді жылдамдатады. БТЖ бастығы Анатолий Сивак өз кезегінде Белорус теміржолы әкімшілігінің жүк жөнелтушілерге икемді баға саясатын жасап отырғандығын жеткізді.

Дөңгелек үстел отырысы барысында өндірістік кәсіпорын басшылары темір жол компаниялары топ менеджерлеріне сұрақ қоя отырып, өздерін толғандырып жүрген жайлары бойынша толық мағлұмат алды. Белорус теміржолшылары Астана вокзалында болып, «Тұлпар» жүрдек пойызының жұмысымен танысты. Белорус делегациясы басшысы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президентін Премьер министр Кәрім Мәсімов қабылдады. Белорустық теміржолшылардың сапары наурыздың 30-ында аяқталады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі






Теміржолшылар Наурызды тойлады

Биылғы жылы Астанада орналасқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ орталық аппараты мен еншілес компанияларының еңбеккерлері «Бәйтерек» алаңына жиналды. Есіл ауданы ұйымдастырған мерекелік шаралар барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұжымы белсенділік көрсетіп, ұлттық дәстүр салтымен ерекшеленді.

Бұл күні барын киініп, жасанып шыққан теміржолшылар ұжымдары жасақтаған ақ шаңқан киіз үйлерде наурыз көже, құрт, ірімшік, қазы-қарта секілді таңсық тағамдардан дәм татып, Есіл ауданы көркемөнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.

«Әсем безендірілген киіз үй» байқауынан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ дайындаған ақ шаңқан үйлер сандық және сапалық жағынан Есіл ауданы бойынша бірінші орын алды.

Әсіресе, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалдары - «Магистральдік желі» дирекциясы, «Шаруашылық басқармасы» мен еншілес кәсіпорындары – «Қазтеміртранс» АҚ, «Локомотив» АҚ ұжымы жасақтаған киіз үйлерге қала қонақтары да зор қызығушылық танытты.

Әрине, той төрінде теміржолға еңбек сіңірген ардагерлер мен қадірменді қонақтарға сый-сияпаттар жасалды.

Есіл ауданы көркемөнерпаздары құрамында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ының бірқатар еңбеккерлері де ән шырқады.



Қызықты той соңы жастардың түрлі ойындарына ұласты.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі






Ұлттық стандарт аттестаты берілді

Бүгін Көліктегі басқару мен логистика орталығы Қазақстан Республикасы индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Ұлттық аккредитациялау орталығы аттестатын жеңіп алды.

Бұл маңызды құжат Орталықтың еліміздегі теміржол экспедиторлық қызметін аудиторлық және сертифиакаттау қызметіне баға беруіне мүмкіндік әпереді. Сондай-ақ, орталықтың сертификаттау мен аудиторлық сараптауынан өткен кәсіпорындарды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен басқа да тұтынушыларды ақпараттандыра алады.

ҚР Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының төрағасы Нығметжан Есенғариннің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көліктегі қауіпсіздікті қашанда бақылауда ұстауды талап етіп отыр.

Теміржолдағы қайта құрылымдау нәтижесінде Қазақстанда жеке экспедиторлық бизнес өрістеуде. Осыған байланысты экспедиторлық қызметтің сапасына баса көңіл аударылуда.

Қазіргі таңда теміржол көлігінде экспедиторлық бизнес нарықтағы өз орнын алды. 2010 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ жүк тасымалдауына жасалған келісім шарттардың 500-ін жеке компаниялар жасаған. Осыған байланысты ендігі жерде фирмалардың сапалық мүмкіндігінің жоғарылату өзекті мәселеге айналып отыр.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі






Үздік өнертапқыштар марапатталды

Астанада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ының өнертапқыштарының жылма жылғы конференциясы өткізілді. Оның отырысына республиканың түкпір-түкпірінен теміржол саласының өнертапқыштары жиналды. Компанияда тұңғыш рет жемісті жұмыс жасап келе жатқан өнертапқыштарға «Үздік өнертапқыш» кеуде белгісі табыс етілді.

Конференцияны «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарушы директоры –Бас инженері Бауыржан Орынбасаров ашты. Ол өз сөзінде өнертапқыштардың еңбегі компанияның индустриялық-инновациялық дамытудың бір бөлшегі екендігін атап өтті. Қатысушыларға Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Қорғас-Жетіген» және «Өзен –Түркменстанмен мемлекеттік шекара» құрылыс жобаларының атқарылу барысын, Эволюшн сериясындағы тепловоздың соңғы буынын құрастырудың жүзеге асқандығын, Астанада электровоз және жолаушылар вагондары зауыттарының жобасы, Астана –Алматы бағдарында жоғары жылдамдықты қозғалыс жүзеге асырылатындығын баяндады.

Әсіресе, бұған дейін қолмен атқарылған пойыз қозғалысын мониторингілік бақылау жүйесі локомотивке орнатылған арнайы автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланатындығына көңіл бөлінді. Ол арқылы жолдың да сапасы қадағаланады. Бұл жүйе өз кезегінде белгі беру және байланыс саласына да тың құрылғыларды қолдануға әкеледі. Оған қоса, таяу арада энергия үнемдеу жүйесіне де бақылау және қадағалау қондырғылары орнатылады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Ғылыми-техникалық ақпарат және сараптау орталығының директоры Қанат Сүйіндіковтің айтуынша, 2010 жылы компания бойынша өндіріске енгізілген өнертапқыштық құрылғылар арқылы 15 миллион теңге үнемдеу қажет болса, бұл көрсеткіш бес есеге асыра орындалған. Дегенмен, компаниядағы өнертапқыштар саны әрбір жүз адамға біреуден ғана келеді екен. Сондықтан да «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминнің тапсырмасымен «Компания мен еншілес кәсіпорындарындағы өнертапқыштық жұмыстар туралы Ереже» бекітілді. Бұл құжат арқылы компаниядағы өнертапқыштық еңбектерді моральдық-материалдық қолдау жайы көрсетілген.

Конференция барысында Ұлттық компанияда тұңғыш рет республикадағы үздік өнертапқыштар марапатталды. «Үздік өнертапқыш» атағына «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Арыс вагон пайдалану депосының инженер -метрологі Исламхан Алтаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Астана белгі беру және байланыс» дистанциясының радиобайланысы электромеханигі Илья Бебешко, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Қарағанды жол дистанциясының» жол машинасы мен механизмдерінің қалпына келтірушісі Найл Алпаров ие болды.

Конференция соңында өнертапқыштар компаниядағы рационализаторлық жұмысты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Баспасөз қызметі






Syndicate content

«ҚТЖ» ҰК» АҚ трансформациясы
«ҚТЖ» ҰК» АҚ трансформациясы
«ҚТЖ» ҰК» АҚ приватизациясы
«ҚТЖ» ҰК» АҚ приватизациясы
© АО «НК «Қазақстан темір жолы»
Политика информационной безопасности
Ваш отзыв очень важен для нас
Оценка дизайна web-сайта